Биыл алғаш рет аталып өткен Ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Марғұлан университетінің бір топ ғалымы түрлі медальдармен, төсбелгілермен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Атап өтер болсақ, гуманитарлық ғылымдар жоғары мекте-бінің деканы Анар Кәрімова ғылым және жоғары білім саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталса,  осы жоғары мектептің профессорлары Сейфитден Сүтжанов пен Әділбек Әміреновке «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ, «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының жетекшісі Майгүл Оразханова «Тіл жанашыры» құрмет дипломымен марапатталды.

Анар Кәрімованың жоғары білім саласында табысты еңбек еткеніне 24 жылдан асты. Еңбек жолын 2000 жылдары Торайғыров университетінен бастап, аға оқытушы, деканның орынбасары қызметтерін атқарған. Ал Марғұлан университетіне 2004 жылы ауысып келіп, ғылым жөніндегі хатшы, жоғары білімнен кейінгі бөлім басшысы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2021 жылдан бері гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы. Ғалымның 80-нен астам ғылыми еңбегі, 4 мұрағаттық деректер жинағы, 1 монографиясы, 2 оқу құралы бар. Сонымен қатар, 8 ғылыми мақаласы «Scopus» журналдарында жарияланған.

— Бұл менің жоғары білім саласының дамуына қосқан үлесімнің, соның ішінде гума-нитарлық саладағы еңбегімнің жемісі деп білемін. Атап айтсақ, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, жоғары білім саласында маман даярлау бағытында көп жұмыс атқарып келеміз. Осы еңбегімізді жоғары бағалап жатқан университет басшылығына алғыс айтамын, — деді Анар Еркенқызы.

Жоғары білім саласы – отандық ғылым білімнің дамуына әсер ететін басты күш. Осыны ескере отырып, осы жылдың 11 маусымында арнайы бұйрық шығып, соған сәйкес 1 қазан жоғары білім қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілген еді.

Т.САХАБА.