Биыл Екібастұз қаласындағы беделді білім ордасының бірі — «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебіне 20 жыл толмақ. Осыған орай лицей оқушылары үшін туристік слет ұйымдастырылды. Табиғат аясындағы тағылымды шара Жасыбай көлінің жағасында өтті.

Аталмыш білім ордасының директоры Нұржан Қафизовтың айтуынша, туристік слеттің мақсаты – оқушылардың туристік дағдыларын, спорттық шеберліктерін дамытып, салауатты өмір салтын ұстануға баулу.

— Лицейдің 20 жылдық мерейтойына орай оқушыларымыз туған өлкенің әсем табиғатын тамашалап, ашық аспан аясында көңілді демалып қайтты. Бұл күнді шәкірттер де, ата-аналар қауымы да асыға күтті. Сабаққа кедергі келтірмеу үшін шараны сенбі күніне белгіледік. Жалпы, жыл сайын туристік слет ұйымдастыру біздің лицей үшін дәстүрге айналған. Биыл да балалар бара салысымен әдеттегідей алдымен қоршаған орта тазалығына назар аударып, Жасыбай демалыс орнындағы қоқыстарды жинастырып шықты. Бұдан кейін көңілді шарамыз басталды, — дейді лицей директоры.

Слет барысында әр сыныптың оқушыларынан жеке командалар жасақталып, қызықты жарыстар ұйымдастырылды. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай тапсырмалар беріліп, барлығы белсенді қатысты. Мәселен, жіптің астынан өту сайысында биіктігі 40-50 см жерге қазылған қазықтарға жіп тартылған. Команда мүшелері сол жіпке денесін тигізбей еңбектеп өтіп, икемділіктерін дәлелдеді. Өрмектен өту жарысында ағаштар мен бұталар арасында жіптен өрмек тәрізді дәліз жасалған. Қатысушылар сол жіптерге тимей бір адамнан жүріп өтті. Шара барысында сондай-ақ, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетудің әдіс-тәсілдері, жарақат алған адамды тиісті жерге жеткізу жолдары да көрсетілді. Бұдан бөлек, оқушылар туристік-өлкетану викторинасында Екібастұз қаласының өнеркәсіп орындары, облыс тарихы, өңіріміздің белгілі тұлғалары жайлы әңгімелеп, білімдерін шыңдады.

Сонымен қатар, слетшілер қабырға газетін шығарып, өнер сайысында бәсекеге түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның туристік дағдылар сынға түскен кезеңі бәрінен де қызықты болған. Онда командаларға екі сағат ішінде дәмді түскі ас әзірлеу міндеттелген. Қатысушылар асты күйдіріп алмай пісіру, отынды дұрыс жинау, ас ішетін орынды дайындау шеберліктерін сынады. Ата-аналар да қарап отырмай, арқан тарту, басқа да қызықты жарыстарға қатысып, бір серпіліп қалды.

— Мұндай шараның берері мол. Жыл сайын слеттен кейін спорттық секцияларға баратын бала саны көбейе түседі. Себебі, осындай жарыстарда балалардың физикалық дайындықтары нақты көрінеді. Мәселен, мен өз баламды кезекті слеттен кейін дзюдо секциясына бердім, — дейді Нұржан Бахриденұлы.

Баянауыл баурайындағы көркі көз тартарлық табиғат аясында өткен тағылымды шара соңында жеңіске жеткен командалар анықталды. Атап айтар болсақ, 5-сыныптар арасында «Болашақ» командасы (5 «А»), 6-7-сыныптар арасында «Дарын» командасы (7 «Б»), 8-9-сыныптар арасында «Барыс» командасы (8 «А»), 10-11-сыныптар арасында «Бірлік» командасы (11 «Б») жеңіс тұғырынан көрінді. Атап өтерлігі, бұл слетке оқушылардың 98 пайызы қатысты. Бұл балалардың көбі жыл сайын түрлі сайыстарда жақсы нәтижелер көрсетуде. Оқушылардың осындай жетістіктерге жетуіне сапалы біліммен қатар, олардың таным-түсінігі мен қабілет-қарымын дамытуға бағытталған іс-шаралардың да ықпалы көп, дейді лицей ұстаздары.

Нұржайна ШОДЫР.