Жастар бастамаларын дамыту орталы-ғында «Digital Ғuture: білім және технологиялар» атты өңірлік форум өтті.

Аталмыш форум жас ұрпақты болашақтағы білім беру саласындағы инновацияларға, технологияларға және жасанды интеллектті қолдануға арналған. Іс-шара цифрлық оқытуды дамытудың негізгі бағыттарын талқылау үшін білім беру және технологиялар саласындағы жетекші сарапшыларды, IT-индустрия өкілдерін, психологтар мен мұғалімдерді біріктірді.

Форумның мақсаты — инновациялық технологияларды білім беру процесіне біріктірудің маңыздылығын көрсету және мұғалімдер мен білім беру мекемелері оқушылардың IT дағдыларын дамыту технологияларын пайдалана отырып, жылдам өзгеретін әлемге қалай бейімделе алатынын талқылау.

Жастар бастамаларын дамыту орталығының бөлім басшысы Жандарбек Қабдыраштың сөзінше, бұл форум қатысушыларға соңғы инновациялар туралы білуге және оқушыларды технология дәуіріндегі болашаққа дайындауды талқылауға мүмкіндік бере отырып, Қазақстанда цифрлық білім беруді дамыту жолындағы маңызды қадам болуға уәде береді.

— Қазіргі уақытта елімізде, оның ішінде Павлодар өңірінде ІТ саласы қарқынды дамып келеді. Сондықтан бұл тақырып бүгінде өзекті. Осыған орай, «Geron» ІТ мектебімен бірлесіп, өңірімізде алғаш рет «Digital Ғuture: білім және технологиялар» атты облыстық форумын өткіздік. Оған аймағымыздың үш қала және аудандарынан келген ІТ саласының өкілдері, психологтар және жоғары оқу орындарының, колледждердің, мектептің информатика пәнінің мұғалімдері қатысты. Форумға арнайы Астана, Алматы қалаларынан осы саланың білікті мамандары спикер ретінде келді. Олар қатысушыларға тәжірибелерімен бөлісіп, психологтар заманауи технологиялардың балаларға әсері туралы әңгімеледі, — дейді ол.

Форум барысында спикерлер мен қатысушылар жаңа технологиялар, оларды қолдану жөніндегі өз пікірлерімен бөлісті.

Айдана БОРАНБАЕВА.