Омарғали Құдышев. Есімі Павлодар өңіріне ғана емес, тұтас респуб-лика көлеміне танымал журналист тұлға. Майданда әскери тілші ретінде де жауға қарсы соғысқан ол, бейбіт уақытта еліміздің іргелі басылымдарын құруға қатысты. Осындай белгілі азамат 1956-1962 жылдары Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы болғанын мақтанышпен атап өтеміз.

Омарғали Құдышев Қазақстан журналистикасының жампозы деп айтуға толық құқық бар. Ол Қытайдағы Шыңжаң қазақтарының өмірі туралы «Жаңа өмір» журналын шығарғаны былай тұрсын, «Үгітші блокноты», «Қазақстан мұғалімі» газет-журналдарының орысша-қазақшасының бастауында тұрған, «Социалистік Қазақстан» газетінде еңбек еткен. Бүгінде еліміздегі бірқатар баспасөз қайраткерлері – осы тұлғаның шарапатын сезініп, тәлімін көргендер. Өзінің естелік жазбасында бір уақытта республикалық 5 бірдей басылымның шығуына қол қойған кәсіби редактор болғанын айтады. Оның себебі де болған. Редактордың жазуынша, соғыстан қайтқаннан кейін елімізде баспасөз саласында істейтіндер қатары сиреп қалған көрінеді. Бұл жағдай кәсіби журналистердің бойына біраз салмақ түсіреді.

Бірақ оған қайысатын қазақ майдангер журналистері ме?! О.Құдышев соғыс уақытында 95-кавалериялық дивизиясының қызыләскерлік «Қызыл семсер» газетінде еңбек етіп, мақалалары сол уақытта «Фрунзовец», «Лениншіл жас» газеттерінде жарияланып тұрды. Әскери журналист Ұлы Отан соғысы жылдарында 44-гвардиялық атқыштар Барановичский дивизиясының құрамында ротаның саяси жетекшісі (политрук), полк үгітшісі болып қызмет етті, 1943 жылы маусым айынан бастап 1944 жылдың қазанына дейін дивизиялық «Боевой путь» газетінің редакторының орын-басары болды. Осы дивизияның құрамында Калинин, Ростов облыс-тарын, Украинаның сол жағалауын, Белоруссия, Шығыс Польша жерін азат етуге қатысты. 1945 жылы Кеңес Армиясының Жоғары әскери-педагогикалық институтын оқып бітірді. Әрі қарай О.Құдышев Қиыр Шығыс майданында болып, соғыстан 1946 жылы майор шенінде оралды. Омарғали Құдышевтің
әскери тілшілік еңбегі бағаланып, «Қызыл жұлдыз», екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, ондаған медальдармен марапатталды.

Омарғали Құдышев туралы Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне қызметке келген 2000 жылдар басында ардагер ағалардан жиі еститін едік. Оның қамқорлығы, кәсіби мінезі туралы қазіргі қазақ баспасөзінің жетекші тұлғалары, сенатор Нұртөре Жүсіп секілді азаматтар да жиі айтып отырады.

Омарғали Құдышев 1912 жылы Семей облысы Жарма ауданы Ақжал руднигінде кеншілер отбасында өмірге келген. Әкесі 1917 жылы өмірден озып, ағасы Ахметқалидың қолында 1927 жылға дейін тәрбиеленген. 1933 жылы Семей қазақ педагогикалық техникумын оқып бітіріп, сол жылдан бастап 1935 жылға дейін Лениногорск қаласында жұмыс істейді. Ол жерде толық емес мектептің оқу істері жөнінен меңгерушісі болып, математика және физика пәндерінен сабақ береді. 1935-37 жылдары Кеңес армиясының қатарында борышын өтейді. 1940 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жанындағы Коммунистік журналистика институтын бітіріп шығады. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін Семей облыстық «Екпінді» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы қызметтерін атқарған. Ал 1941 жылдан бастап 1946 жылға дейін Кеңес Армиясы құрамында майданда болып, саяси жетекші, саяси үгітші, дивизия газетінің тілшісі, редакторының орынбасары болып қызмет еткен.

Өзінің естелігінде айтып өткендей, Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы болып 1956 жылы жіберілген. «Бұл 1956 жылдың жазы еді. Мен Алматыда әжептәуір жауапты қызметте жүргенмін. Күндердің бір күнінде Орталық Комитетке шақыртты. Бақсам, «Қызыл туға» редактор керек екен. Сол қызметке бірнеше кандидатураның ішінен маған тоқталыпты.

– Павлодарға қайткенде де барасың, сондағы газеттің редакторы боласың, — деп нықтай, шегелей сөйледі бастық. …Онша көне қоймадым. Мінезім жұмсақ сорлы басым екінші шақыртқанда және қыстаған соң: «Жарайды, барсам барайын», — дедім. Сонымен не керек, шілде айының аяқ кезінде Павлодарға келдім. Өз еліме келгендей сезімге бөлендім мен мұнда. Әр кезде, әр жерде қызметтес, әріптес болған кісілер едәуір баршылық екен» деп жазады кейін О.Құдышев «Редактор болу оңай ма» атты 1989 жылғы жазбасында.

Ол журналистиканың барлық жанрында қалам тербей алатын, шапшаң жазатын қасиетке ие болған. Ол өзіне қоятын талаптарды қоластындағы қызметкерлерге міндеттеді. Нәтижесінде газеттің мазмұнды сапасы көтерілді. Көркемдік тұрғыда байыған газеттің таралымы да өсті. «Қызыл ту» газетінде ұзақ жылдар қызмет еткен журналист, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдеш Баймұрзин: «Қаламы төселген, тіл ұстартқан, жаңалықты сезгіш, жақсы журналистің бойындағы ерекше бір қасиет тақырып таңдау деп білеміз. Омекеңде бұл қасиет мол еді», деп естелігінде біраз мысалдар келтіреді.

Кереку жеріндегі газеттегі жетекшілік қызметі Омарғали Құдышевке жан-жақты ұйымдас-тырушы ретінде үлкен абырой әкеледі. Осы уақытта қазақ газетінің редакциясы айналасында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, ән өнері секілді салаларда қызмет ететін тұғлалардың басы қосылады. Әдеби бірлестік ұйымдастырылады. Бір сөзбен айтқанда, жайлы мінезі мен кәсіби ұйымдастырушылық қасиетімен ерекшеленеді.

Майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың Ертіс-Қарағанды су каналы туралы жолжазба романының алғашқы нұсқалары осы «Қызыл ту» газетінің редакторының қолынан өтіп, осы газетте басылып отырған. Бұл оның редактор ретінде елдегі жағдайды «ыстығын жоғалтпай» баспасөзге жедел ұсыну жолын сәтті тапқаны еді. Расында, ол кезде одақтық мәртебедегі су каналының құрылысы туралы «Қызыл ту» газеті ерекше жазып, шынайылығымен көрінген.

2023 жылы қыркүйек айында «Saryarqa samaly» газетінің өкіл-дері редакциялық сапармен Абай облысы Бесқарағай ауданына барып, әйгілі Халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовтың туған жері Қарағайлы ауылындағы музейінде болып едік. Кезінде Иса Байзақовпен талай мәрте айтысқан, Мұхтар Әуезовтің ыстық ықыласына бөленген Нұрлыбек Баймұратовтың Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы Омарғали Құдышевтің 1958 жылы берген уақытша куәлік қағазын көрдік. Онда Нұрлыбек Баймұратов Май және Бесқарағай аудандарында егін ору және нанмен қамтамасыз ету науқаны бойынша арнаулы тілші ретінде бекітілетінін жазылып, астына О.Құдышевтің қолы қойылған.

Яғни қай уақытта да Омарғали Құдышев халықтың ортасында жүретін тұғлалармен байланыста болған. Ол жағдай газеттің мейлінше халықтың жағдайымен бірге тыныстап жатуына әсер ететіні сөзсіз.

Омарғали Құдышев кадр мәселесіне келгенде де, таланттарды тани алатын болған. Мысалға, Алматыдан шет тілдер институтын бітіріп, енді ауылдық мектепке жас мұғалім ретінде аттанып бара жатқан болашақ жазушы Рамазан Тоқтаровтың редакцияға келуіне ықпал еткен. Ол үшін облыстық партия бюросына барып, өтініш білдіріп, қайрат көрсеткен.

«О.Құдышев редактор ретінде ұйымдастырушы ғана емес, нағыз тәрбиеші де бола білді. Қаламының желі бар дарынды жастарды, кейбір кемшіліктеріне қарамастан қолдап, демеп, оларға қамқорлық жасап жүрді. Ақын Төлеужан Ысмайыловтың дарынын бағалаған, Рамазан Тоқтаровты шетел тілдері институтын бітіріп, шалғай ауылдағы бір мектепке француз тілінен сабақ беруге кетіп бара жатқан жерінен редакцияға алып қалған. Сөйтіп кейін оның белгілі жазушы болып қалыптасуына септігін тигізген еді» деп жазады белгілі ғалым, журналист Зейнолла Әйтімұлы.

О.Құдышевтің «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетіне басшылық еткен кезең солтүстік өңірлерде Тың игеру науқанымен сәйкес келгенін көреміз. Бұл шынымен бүкілодақтық маңызға ие кезең еді. Осы уақыттағы облыстың барлық тыныс-тіршілігі сол кездегі газеттің сарғайған парақтарында бүлкілдеп жатқаны шындық. Ол сол кезде уақыттың қан тамырының соғысын дәл таба білген басшының, редактордың көрегенділік, ұйымдастырушылық қасиетінің арқасында екені анық.

«Редактор болу оңай ма» атты жазбасында О.Құдышев: «Өз басым қай жерде, қайда жүрсем де, қандай қызмет атқарсам да, әйтеуір өртеніп кетпей, жалындап жұмыс істеуге тырысып бақтым» деп жазған екен.

Бүгінде О.Құдышевтің қазақ баспасөзіне сіңірген еңбегі респуб-лика көлемінде жиі айтылады. Осындай тұлғаның өмірлік жолы талай дарындар түлеп ұшқан Кереку өңірінің «Сарыарқа самалы» газетінің тарихымен қиылысып жатқаны – кейінгі журалистерге де үлкен мақтаныш, абырой.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы.