Аймағымызда аз қамтылған отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға қажетті құжат қабылдау науқаны жүріп жатыр. Сондықтан ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында көмек алғысы келетіндер құжаттарын тапсыруға асыққаны жөн.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша төртінші тоқсан үшін өңірдегі кедейлік шегінің мөлшері 37 007 теңге болып бекітілді. Ал күнкөріс шегінің ең төменгі деңгейі ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында 52 867 теңгені құраған.

— Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер тұрғындар тұрғылықты жері бойынша орналасқан Мансап орталықтарына немесе кент, аудан, ауылдық округ әкімдігіне жүгіне алады. Сондай-ақ, электронды цифрлық қолтаңбасы бар болса, үйінен шықпай-ақ электрондық үкімет порталы арқылы өтінім бере алады. Ал интернетке қолжетімділігі жоқ адамдар үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, Мансап орталықтары, аймағымызға қарасты қалалар мен аудандардың, ауылдық округ әкімдіктерінің жанынан өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылды, — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова. Оның айтуынша, өтініш берген кезде сәйкестендіру үшін тек жеке куәлікті ұсыну қажет.

Айта кетерлігі, еліміз бойынша өткен тоқсанда 60 мыңға жуық отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Республика бойынша биыл осы мақсатқа қазынадан 75,9 млрд теңге қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, бұл көмекті тағайындаудың басты мақсаты тұрмысы төмен отбасыларға ақшалай қолдау көрсетіп, ондағы еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы қиын жағдайдан шығару болып табылады. Жалпы, әлеуметтік көмектің бұл түрі табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын тағайындалады. Сондай-ақ, әлеуметтік қолдау аясында жұмыссыздар екі қолға бір күрек тауып, өз ісін ашуға ниетті азаматтарға гранттар беріліп, біліктілікті арттыру курстарына баруына жағдай жасалады.

Нұржайна ШОДЫР.