Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков облыс орталығындағы бірқатар шағын аудан тұрғындарымен кездесті. Жұртшылық толғандырған мәселелерді көтеріп, шешу бойынша биліктің іс-әрекетін талап етті.
Кездесу барысында тұрғындар көше жолдарын асфальттау, ойын алаңдарын салу, көше жарықтарын орналастыру, кәріз жүйесін жүргізу, қоқыс жайын ретке келтіру секілді мәселелерді көтерді.
Қаламыз күн сайын көркейіп, дамып келе жатса да, жергілікті тұрғындарды мазалайтын мәселелер әлі де жеткілікті. Көбі инфрақұрылым мен қаланың бүгінгі келбетіне қатысты. Шаһар басшысы жергілікті тұрғындарды алаңдатқан әрбір мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталып, түйінін шешуге күш салатынын жеткізді.
— Жекелей өтініш-тілектері бойынша тұрғындармен кездесулерім жалғасуда. Жақында Қамзин көшесі, 362-үйдің тұрғындарымен кездестім. Олар шағын футбол алаңын салуды сұраған болатын. Қазіргі уақытта жұмыс басталды. Алайда, тұрғындардың арасында өзара келіспеушіліктер туындап отыр. Біреулері бұл аумақты спорт алаңының есебінен ұлғайтқысы келеді. Ал өзге тұрғындар бұған қарсы.
Кездесу қорытындысы бойынша футбол алаңын кеңейту үшін тұрғындардың қолын жинап, келісімдерін алу туралы шешім қабылданды, — деді қала әкімі.
Сонымен қатар, Хасар Хабылбеков жұмыс сапары барысында Кенжекөл ауылының 1-ші жеке тұрғын үй құрылысы шағын ауданына барып, тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстарды бақылауға алынатынын, кейбір түйткілді мәселелердің шешу жолдары қарастырылатынын айтты.
— Тұрғындар көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, электрмен жабдықтау және басқа да мәселелерді көтерді. Бұл шағын аудандағы жол инфрақұрылымы мәселесі өзекті. Ағымдағы жылы ең проблемалы учаскелерге қиыршық тас төсейміз. Ал келесі жылға жолдарды асфальттауды жоспарлаймыз. Сонымен қатар, ауыл әкіміне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлесіп, ауылдық жолдарда жасанды жол кедергісін орнату және жарықтандыру мәселелерін пысықтауды тапсырдым. Қалған мәселелер бойынша түсініктеме бердім, — деді Х.Хабылбеков.
Кездесу соңында шаһар басшысы көтерілген мәсе-лелерді шешу үшін тиісті мекемелерге тапсырма беріп, барлығын өз бақылауына алатынын, сондай-ақ, ел игілігі үшін жасалған және алда жасалатын жұмыстарға тұрғындар тарапынан да жанашырлық болуы қажеттігін атап өтті. Кездесуге қала әкімінің жауапты орынбасарлары мен тиісті бөлім және мекеме басшылары қатысты. Алдағы уақытта қала әкімі шаһардағы өзге де шағын аудандардың тұрғындарымен кездесуін жалғастырады.
Өз тілшіміз.
Суреттер газет мұрағатынан алынды.