Елімізде барлық деңгейдегі мәслихат сайлауына дайындық қызу. Қазіргі таңда үміткерлерді тіркеу толық аяқталып, үгіт-насихат жұмыстары басталып кетті. Мұндай жұмыс облысымызда да іске асуда. Өңірдегі саяси науқанға дайындық барысы жайлы облыстық аумақтық сайлау комиссиясынан білдік.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, аймағымызда барлық деңгейдегі мәслихаттарға 189 депутат сайланады. Олардың 173-і бірмандатты сайлау округтері бойынша, 16-сы — пропорционалды жүйе, яғни партиялық тізім бойынша сайланады. Облыстық мәслихат аралас сайлау жүйесімен сайланатын 32 депутаттан тұрады. Олардың ішінде 16 депутат партиялық тізіммен, 16 депутат бірмандатты округтер бойынша сайланады. Ал қалалық және аудандық мәслихаттарға сайлау толығымен бірмандатты округтер бойынша өтеді. Яғни, сайлаушылар әрбір сайлау округі бойынша бюллетеньге аты-жөні енгізілген нақты кандидаттарға дауыс береді.
1 қараша күні 18.00-де депутаттардың кезектен тыс сайлауларына дайындық және оны өткізудің бекітіл-
ген негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес үміткерлерді тіркеу кезеңі аяқталды. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолованың айтуынша, облысымызда бірмандатты сайлау округтері бойынша 528 үміткер тіркелген. Олардың ішінде 16 округ бойынша 48 үміткер облыстық мәслихатқа тіркелген. 51 округтен қалалық мәслихаттардағы орынға 154 кандидат үмітті. Аудандық мәслихаттардың депутаты атануға 106 округтен 326 кандидаттан өтініш түскен. Осылайша, орта есеппен бір мандатқа 3 адамнан тіркелген.
Сондай-ақ, пропорционалды жүйемен сайланатын облыстық мәслихатқа 16 мандат бойынша облыстық сайлау комиссиясы 5 саяси партияның партиялық тізімдерін тіркеген. Олар – «Ақ жол», «Ауыл», «Әділет», Қазақстан Халық партиясы, «Respublica» партиялары. Партиялық тізімдерге 64 адам енген. Барлық партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға арналған заңда бекітілген квота сақталыпты.
Бүгінде аймағымызда саяси науқанға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
– Қазіргі таңда аумақтық сайлау комиссиялары жер-жерде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, сайлау инфрақұрылымдарын дайындаумен айналысуда. Округтік сайлау комиссиялары кандидаттардың сенімді тұлғаларын тіркеуде. Олардың саны әрбір сайлау учаскесіне 3 адамнан аспауы тиіс. Сайлау үдерісінің ұйымдастырушылары мен қатысушыларына оқыту семинарлары өткізіліп жатыр. Азаматтарды дауыс беру күні туралы ақпараттандыруға да маңыз берілуде. Учаскелік сайлау комиссиялары 9 қараша күні жұмысына кіріседі, – дейді Гүлнар Қабиденқызы.
Үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары 1 қарашада басталып кетті. «Қазақстан Республикасының сайлаулары туралы» заңының 27-бабына сәйкес сайлауалды үгіт-насихат 28 қараша күні сағат 00.00-де аяқталады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ
