Батырлық пен жанкештілікті қажет ететін қауіпті мамандық – өрт сөндіруші. Күрделі саланы таңдағандар үнемі өлім мен өмір арасында арпалыста жүреді. Тәуліктің кез келген уақытында өрт фактісі тіркелген орынға аттанып, адамдарды қызыл жалыннан құтқарады. Қателікті кешірмейтін кәсіпте тек ержүрек жандар еңбек етеді.

 

Есенжол Қарабалин қауіпті мамандықты отбасылық мұраты еткен. Әке жолын қуған құтқарушы облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі мемлекеттік мекемесінің №5 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл басшысы болып еңбек етеді. Аталмыш бөлім Павлодар қаласына қарасты Атамекен кентінде орналасқан.

Құтқарушының жүрек қалау-ымен келген салада еңбек етіп жүргеніне ширек ғасыр толған. 25 жылдың ішінде талай алапат өртті сөндіруге қатысып, адамдарды ажалдан құтқарған.

— Әкем 30 жылдан астам уақыт өрт сөндіру саласында табанды еңбек етіп, зейнетке шықты. Әкем мен үшін жұмыстан оралғанда әрдайым батыр болып көрінетін. Сондықтан бала күнімде оның қызметіне қызығып, құтқарушы болуды мақсат тұттым. Әулетімізде ағам мен немере бауырларым да осы салада жұмыс істеуде. Өрт сөндіруші болу оңай емес. Үлкен жауапкершілікті жүктейтін мамандық. Адам тағдыры тұрған мәселеде сәл қателік кешіріл-мейді, —  дейді Е.Қарабалин.

Есенжол Қарабалиннің жұмыс күні  ауысымды қабылдаудан басталады. Басшыға қарауылды қабылдағаны жөнінде баяндама жасайды. Одан кейін  түске дейін сабаққа қатысады. Түстен кейін жедел жоспар, құжаттарды толтырады. Қарауыл құрамындағы мамандардың әрқайсының өзіне жүктелген міндеті бар. Біреуі техникаға, біреуі өрт сөндіру кезінде қолданылатын құрылғыларға жауап береді. Бірақ әрқайсысы жұмыс уақытының кез келген сәтінде түсетін шақыртуларға дайын жүреді.

— Біз Атамекен кенті мен Спутник ауылын, Ақсу қаласының солтүстік аумағындағы өрт қауіпсіздігіне жауаптымыз. Ірі көлемдегі өрт тіркелсе, қосымша көмек көрсету үшін облыс орталығы мен өзге аудандарға да шығамыз. Өткен айда қарауылмен жанып жатқан көлікті, шаруашылық құрылыс нысанындағы қызыл жалынды сөндірдік. Ауылда өрт сөндіру техникасы жеткілікті, — дейді Е.Қарабалин.

Құтқарушы 25 жыл ішінде жұмыс тәжірибесінде талай оқиғаның куәсі болғанын айтады. Алапат өрт кезінде үйде ұйықтап қалып, қайтыс болған жандарды да көрген. Бір жылдары облыс орталығындағы шіркеуде орын алған өрт кезінде электр сымдарының жанып кетуіне байланысты суды қоса алмай, тілсіз жауды сөндіруде қиындық туындаған кездер болған. Бұл кедергілер шіркеудің толық жанып кетуіне себеп болған.

Өрттің жедел сөндірілуі жұмысты дұрыс ұйымдастыруға байланысты. Бұл ретте штаб басшысы, тыл жұмысын басқарушы және өрт сөндіру жетекшілеріне зор жауапкершілік жүктеледі. Әрқайсысы өз міндеттерін мүлтіксіз орындауы қажет. Мәселен, өрт сөндіру басшысы оқиға орнында жүріп, жағдайды толық бақылайды. Құтқарушыларды ұйымдастырып, дұрыс пәрмен беру керек.  Ал штаб жетекшісі тілсіз жауға қатысты барлық ақпаратты жинап, өртті сөндіруде қосымша күштің қажеттілігін анықтайды. Тыл жұмысын басқарушы тілсіз жауды сөндіруге арналған судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етеді. Бұл ретте гидранттар мен су қоймаларынан су тарту мәселесін жедел шеше білуі тиіс. Сонымен қатар, кез келген өрт кезінде қосымша екі гидрант дайын тұруы керек. Бұл жұмыстың бәрі өрт орын алып жатқан жағдайда шешіледі.

— Еңбек тәжірибемде бір жағдай есімде жақсы сақталған. Кезекті шақырту кезінде 3-4 жанармай таситын көлік жанды. Құтқарушылармен өртті толық сөндірдік. Бірақ газ қоспасы әлі де ошақ аумағында сақталған болатын. Сәл ұшқыннан тағы да от шығып, екі құтқарушыны күйік шалды. Олар ауруханаға жеткізіліп, ем қабылдады, — дейді Е.Қарабалин.

Атап өтерлігі, әр құтқарушы тұрғын үйлер мен нысандарда орын алған өрт кезінде сығылған ауа бар құрылғыны қолданады. Көк түтін ішінде оларға демалуға мүмкіндік беретін құрылғыны арқаларына асып жүреді. Оның салмағы кемі 11  келіден кем емес. Оның көмегімен 30  минут көлемінде тыныстай алады екен. Осындай салмақты арқалап жүріп, өртті сөндіріп қана қоймай, адам өмірін құтқаратын мамандардың жұмысының қаншалықты қиын екенін аңғаруға болады.

Есенжол Қарабалиннің отбасы күнде оның жұмысы үшін алаңдайтынын айтады. Бірақ құтқарушы өрт сөндіру кезінде техникалық қауіпсіздікті қатаң ескерген маман өзін де, өзгені де тілсіз жаудан қорғайтынына сенімді. Оқиға орнына келген кезде мамандар ең бірінші кезекте іште адам бар не жоғын анықтайды. Екінші кезекте жарылғыш заттар немесе газ баллонының бар- жоғын тексереді. Содан кейін ғана тілсіз жауды ауыздықтаумен айналысады.

Есенжол Қарабалиннің қарауылында 7 адам бар. Тәжірибелі құтқарушы жұмысқа енді орналасқан жастарды жанына алып, оқиға кезінде қалай әрекет ету керектігін үйретеді.

Қауіпті мамандық иегері өрттің туындауына адамдардың отты дұрыс пайдаланбауы себеп екенін айтады. Соңғы уақытта ұялы телефонды қуаттайтын құрылғының токта қалып қоятын жағдайлары көп кездесетінін айтады. Салдарынан өрт шыққан кездер жиі кездескен. Тұрғындардың көпшілігі электр сымдарының ескіргеніне мән бермейді. Тамақты отта қалдырып кететіндер де көп. Сонымен қатар, пешті дұрыс пайдаланбайтын, жылыту пешін токта қалдырып кететіндер де бар. Өрт сөндіруші тұрғындардан осындай әрекет-терге жол бермеуді сұрайды.

Әр жұмыс күні қауіпті екенін біле тұра, өз мамандығын мақтан тұтатын құтқарушыны кәсіби мерекемен құттықтап, еңбегіне жеміс тілейміз.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.