Қазыналарымызды көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылардың еңбегі қай кезде болсын бағалы. Абыройлы мамандықтың қиындығы мен қызығын арқалап жүрген жандардың саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Бүгін — адалдықтың ақ жүгін арқалаған кітапханашылардың айтулы мерекесі.

Қазан айының 24-і  — Кітапханашылар күні. Осы орайда аталмыш салада 40 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Ертіс аудандық балалар кітапханасының аға кітапханашысы Нұржамал Ахиярова жайында сөз етуді жөн көрдік.

Нұржамал Ахиярова 1969 жылы Ертіс ауданының Суворов ауылында, өңірге белгілі астық өсіруші Қарашыновтар әулетінде дүниеге келген. Сол ауылда орта мектепті аяқтаған соң Ермак (қазіргі Ақсу) қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің журналистика және кітапхана мамандығына оқуға түседі. Оның сөзінше, бұл саланы таңдауына бала кездегі кітапқа деген қызығушылығы себеп болған.

— Жазғы демалыс уақыттарында Панфилов ауылында тұратын апамның үйіне жиі баратынмын. Оның қызы Гүлнәр сол уақытта ауылдық кітапханада кітапханашы болып еңбек ететін. Бала кезден кітап оқығанды жақсы көретінмін. Сондықтан болар, тәтемнің кітапханасына жиі барып тұратынмын. Бос уақытымның көбі осы кітапханада өтті. Дегенмен негізгі мамандығымды құрылыс саласымен байланыстырғым келді. Алайда Гүлнәр тәтем құрылысшы ер адамға тән мамандық екенін айтып, кітапханашы болуыма жөн сілтеді. Сөйтіп, тәтемнің сөзін тыңдап, кітапханашы мамандығын таңдадым, — дейді Нұржамал Телманқызы.

Оқуын аяқтаған жас маман училищенің әкімшілігінің шешімімен туған жері Ертіс ауданына жібе-ріледі. Онда аудандық орталық кітапханаға қызметке орналасады. Осы уақыттан бастап кейіпкеріміз кітапхана саласын жан-жақты зерттеп, тынымсыз еңбектене бастайды. Кейін осы ауылда өмірлік жарын кездестіріп, балаларын дүниеге әкелді.

— 1988 жылы оқуды аяқтаған соң мені Ертіс ауданына жіберді. Алғашында аудандық кітапхананың жинақтау бөлімінде еңбек еттім. Ол жерде 5 жылдай уақыт  жұмыс істеген соң, Қызылжар ауылындағы кітапханаға меңгеруші етіп бекітті. Алайда 3 жылға толар-толмас уақытта мені қайтадан аудан орталығына кітапханаға шақырды. Шақыртуды бірден қабылдадым. Бүгінде осы салада 36 жылдық еңбек өтілім бар, — дейді тәжірибелі кітапханашы.

Нұржамал Телманқызы 2006 жылы Ертіс аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі болып тағайындалады. Осы уақытта білімін жетілдіру мақсатында Павлодар қаласындағы Торайғыров университетінің журналистика және кітапхана мамандығы бойынша сырттай оқуға түседі.

— Қай мамандықтың болсын өз ерекшелігі бар. Маған өзімнің мамандығым ұнайды. Бұл — менің  бар өмірімді арнаған сүйікті ісім. Тұрақты оқырмандарымыз баршылық. Бүгінде балалар арасында салалық басылымдарға қарағанда әдеби басылымдарға сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде кітапхана қоры жаңа кітаптармен жақсы толығып отыр. Баламен балаша жұмыс істеу де оңай емес, дегенмен өз жұмысынан ләззат ала білген адам үшін аса қиын емес деп ойлаймын, — дейді ол.

Бар өмірін кітапхана саласына арнаған Нұржамал Телманқызының еңбегі жиі бағаланып келеді. Мәселен, 1995 жылы кітапханашыға «Өз мамандығының үздігі» атағы беріледі. Одан бөлек, аудан мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Жаны сүйіп таңдаған мамандығы Нұржамалға абырой да әперді. Қазіргі уақытта қызметі көптің көңілінен шығып, оқырмандардың алғысына ие болып жүр. Кітапханашы үшін бұдан үлкен марапат, бұдан үлкен бақыт жоқ шығар.

Айдана БОРАНБАЕВА.