Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында шарбақ-тылықтар қуанышқа кенелді. Аудан орталығында көпбалалы отбасыларға жаңа үйлердің кілті табысталды. Сол сияқты алғаш рет хоккей корты салынып, ел игілігіне берілді. Айтулы шараларға облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.

Шарбақты ауылының Энергетиктер көшесінде екі пәтерлі 3 үй бой көтерді. Оларды жеке кәсіпкер өз қаржысына салып, кейін әкімдік аталмыш баспаналарды облыстық бюджет есебінен сатып алды. Бұл үйлер ұзақ уақыт пәтер кезегінде тұрған көпбалалы алты отбасыға табысталды.

Көптен күткен үйіне қол жеткізген жандардың бірі – бес баланың анасы Бибигүл Ивин.

— Мен жалғызбасты ана ретінде пәтер кезегінде 10 жылға жуық уақыт тұрдым. Бүгін реті келіп, баспаналы болып жатқанымызға қуаныштымыз. Енді балаларымның өз үйі бар. Республика күні қарсаңында осындай тартудың жасалуы – ұмытылмас сәт, — дейді көпбалалы ана.

Әр пәтердің аумағы – шамамен 80 шаршы метр. Үш бөлмелі үйлер инженерлік желілермен, қажеттінің бәрімен жабдықталған.

— Азаматтарымызды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету — мемлекеттің басты мақсаттарының бірі. Биыл мемлекет пен бизнестің өзара іс-әрекеті аясында кезекте тұрған жандар үшін 800 пәтер сатып аламыз. Оның қатарында 313 пәтер — облыстың 10 ауданында. Мұндай тәжірибені алдағы уақытта да жалғастырмақ ниетіміз бар, — деді А.Байханов.

Сонымен қатар, Асайын Байханов Республика күні аясында ауылдағы ағайынға жасалған тағы бір сый – хоккей кортының ашылуына қатысты. Бұл спорт нысанын жергілікті кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Виталий Соломкин өз қаржысына салып, мемлекет меншігіне тапсырмақ. Мұндағы мұз аренасының жалпы ауданы — 1440 шаршы метр. Енді балалар хоккей кортында қысқы спорт түрлерімен айналысып, денесін шынықтыра алады.

— Өңіріміздегі ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған осындай маңызды жобалардың іске асырылып жатқанына қуаныштымын. Мұндай бастамаларға әлеуметтік жауапкершілігі жоғары және белсенді азаматтық ұстанымы бар бизнестегі азаматтардың мұрындық болғаны қуантады. Басқа да меценаттар осындай бастамаларды қолдайды деп сенемін, — деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы ауданға сапары аясында орташа жөндеуден өткен Шарбақты – Солтүстік облыс шекарасы автожолын тексерді. Мұндағы жұмыстар осы жылдың тамыз айында басталған болатын. Аз уақыт аралығында мердігер 24,8 шақырым жолдың төсемін жаңартты. Мердігер — «ИНЭК» ЖШС директоры Дина Серікпаева атап өткендей, бұл мақсатқа 1 млрд 105 млн теңге бөлінді. Жалпы, аталмыш кәсіпорын облыстағы 100 шақырымға жуық жолды ретке келтірді. Олардың басым бөлігі – Шарбақты, Успен және Тереңкөл ауданындағы аумақтар.

Сонымен қатар, аудандық маңызға ие Шарбақты – Богодаровка бағытындағы жол қалпына келтірілді. Соның нәтижесінде екі ауыл арасындағы жол қысқарды. Бұған дейін тұрғындар шамамен 45 минут жүрсе, енді елді мекенге 15 минутта-ақ жетеді.

— Мемлекет басшысы жол сапасына баса назар аударады. Әсіресе, ауылдық жерлерде бұл бағытта сапалы жұмыс атқару маңызды. Егер елді мекендерде жақсы жол болмаса, ауылдықтар үдере көшуі мүмкін. Олардың жайлы жағдайда өмір сүруі үшін жол салу мен жөндеуге ерекше көңіл бөлу керек. Бұл ретте мердігерлердің жауапкершілігі де жоғары болуы тиіс, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Аудан әкімі Сержан Иманқұловтың айтуынша, Шарбақты ауданында облыстық маңызға ие жолдардың барлығы асфальтталған. Ауыл ішіндегі жолдар да назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде олардың басым бөлігі ретке келтірілген. Енді келесі жылы 12 көшедегі жолды жаңарту жоспарда бар.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ, Шарбақты ауданы.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.