2024 жылғы 1 қазанда жылжымайтын мүлік және жер учаскелерінің меншік иелерінің 2023 жылға мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталды. Алайда салықты төлеу мерзімі аяқталса да, салық міндет-темесін әлі орындамаған тұрғындар жетерлік. Ондай адамдарға қандай жазалар қолданылады? Тұрғындар мойнында салықтың бар-жоғын қайдан біле алады? Осы және өзге де сауалдарға Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов жауап берді.

— Ерболат Ислямұлы, жеке тұлғалар мүлік салығын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қазанынан кешіктірмей төлеуі керек екенін білеміз. Осы уақыт аралығында қанша адам мүлік салығын төлеуге үлгерді және қанша адам әлі төлей алмай жүр?

— Мүлік салығы – жер не ғимарат үшін мемлекетке төленетін міндетті төлем. Ол салық мөлшерлемесі мен салық салу объектілерінің аумағы негізінде есептеледі. Биыл облыстың 200 мыңға жуық тұрғыны шамамен 318 млн теңгеге мүлік салығын уақытылы төлеп үлгерген. Ал 53 мыңнан астам павлодарлықтардың 80 млн теңгеден астам қарызы бар. Ең көп қарыз сомасы Павлодар қаласының тұрғындарында 64 млн теңгеден асады. Ауылдық аймақтардан – Павлодар ауданының тұрғындарында 2 млн. теңгеге жуық қарыз бар. Май ауданы тұрғындарының қарызы толықтай дерлік өтелді.

— Мүлік салығын өз уақытында төлемеген тұрғындарға қандай жаза қолданылады?

— Мүлік салығын уақытылы төлемеген жеке тұлғаларға осы жылдың 2 қазанынан бастап салық берешегі туралы хабарлама жіберілді, ол 30 жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс. Салық берешегі туралы хабарлама орындалмаған жағдайда, 1 айлық есептiк көрсеткiштен (АЕК) асатын берешек бойынша салық төлеушіге мәжбүрлеп өндiрiп алу туралы салықтық бұйрықтар жіберіледі, оны 5 жұмыс күні ішінде орындау қажет. Орындалмаған жағдайда жеке сот орындаушыларына берiледi. Жеке сот орындаушылары, өз кезегінде, берешек сомасынан басқа, олардың қызметтері үшін төлемді өндіріп алады, оның мөлшері салық берешегі сомасының 25 пайызына дейін болуы мүмкін. Сондай-ақ, елден тысқары жерлерге шығуға шектеу қойылуы және Қазақстанның кез келген банкіндегі шоттарға тыйым салынуы мүмкін.

— Тұрғындар мойнында салықтың бар-жоғын қалай біле алады?

— Жеке тұлғалар салық берешегінің бар-жоғын Мемлекеттік кірістер комитетінің (kgd.gov.kz) ресми сайтындағы «Электрондық сервистер» бөліміндегі «Салықтық берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер» сервисінде тексеруге болады. Сондай-ақ, e-SalyqAzamat» мобильді қосым-шасында және «SalyqBot» чат ботының» электрондық сервистер бөлімінде, банктің қосымшаларында да тексере алады. Одан бөлек, анықтамалық ақпаратты алу үшін бірыңғай Байланыс-орталығының 1414 (3) тегін нөміріне немесе салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармаларына хабарласуға болады.

Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеу әрбір азаматтың конституциялық міндеті екенін еске салады.

 

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.