Ертіс өңіріндегі әскери бөлімдердің әскери техниканың жауынгерлік әзірлігі мен ұрысқа жарамдылығы, сонымен қатар, техниканы күту жағдайы арнайы тексерілді. Облыс орталығындағы Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №6679 және №5512 әскери бөлімдерінің әскери қызметкерлері мен жас сарбаздар арасында 50 және 100 шақырымдық шеру ұйымдастырылды.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жылдық жоспарға сәйкес, әр маусым сайын №6679 және №5512 әскери бөлімдерінің техникалық базасы, қару-жарақ, байланыс құралдары, химиялық-биологиялық қорғаныс құрал-жабдықтары тұрақты түрде тексеруден өтіп тұрады. Мәселен, №6679 әскери бөлімінің мәліметінше, әскери техникалардың жағдайы мен әскери қызметкерлердің дайындығын шыңдау мақсатында ұйымдастырылған 50 шақырымдық шеру барысында Ұлттық ұланның жас жүргізушілері алған теориялық білімдерін іс жүзінде бекітіп, әскери техниканы басқару қабілетін көрсетті. Олар әртүрлі кедергілерді жауынгерлік машинамен еңсерудің барлық мүмкіндіктерін зерттеді.
— Жауынгерлік техникамен жүру — бұл ең алдымен барлық дәрежелі командирлердің шеруді жоспарлау және ұйымдастыру бойынша жұмысының нәтижесі. Ұйымдастырылған шеру барысында әскери бөлімнің жас жүргізушілері, гвардияшылар жауынгерлік машиналарды басқаруда, қиын жағдайда маневр жасауда шеберліктерін, әртүрлі кедергілерді еңсеруде табандылық пен батылдық танытты. Шеру «Павлодар қаласы — Павлодар ауылы — Мичурин кенті» бағыты бойынша өтті. Іс-шараға офицерлер, әскери қызметкерлер, сондай-ақ, 2023-2024 жылдардың шақырылым сарбаздары қатысты, — деді әскери бөлімде.
Сонымен қатар, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі осы тектес техника шеруі мен әскери техникаларды тексеру жұмыстары Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы барлық әскери бөлімдерде өтетінін хабарлады. Техникалық база мен жауынгерлік әзірлікті тексеру жұмыстарынан кейін барлық санаттағы әскери қызметшілерде жеке құрамның функционалдық міндеттерін, штаттық қару-жарақ пен әскери техниканы, оларды пайдалану тәртібін зерделеуді қамтитын мамандық бойынша сабақтар өтетінін атап өткен жөн.
А.МҰҚЫШЕВ.