Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркем-сурет музейінде Республика күні қарсаңында талантты мүсінші Данияр Сарбасовтың «Атамекен» атты алғашқы дербес көрмесі ашылды. Көрмеге облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, өнер иесіне аймақ басшы-сының құттықтау хатын табыстады.

Көрмеге мүсіншінің 2013-2023 жылдар аралығында дайындаған отызға жуық туындысы қойылды. Бір қарағанда, көрмеге келген адам өзін бір үйір жылқының ортасында жүргендей немесе топтанған құстың шоғыры ішінде қалып қойғандай сезінеді.

Баянауыл ауданының тумасы, «Шабыт» ХVIII халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің лауреаты және гран-при иегері Данияр Сарбасовтың сүйікті тақырыптарының біріне айналған жылқы – оның шығармаларының негізгі элементі.

Автордың айтуынша, жылқы мен қыран құс – кешегі көшпелілердің көзі, бүгінгі дала символы.

Жас болса да тарихи және анималистік жанрдағы шағын және монументалды мүсіндердің авторы атанып үлгерген мүсіншінің шығармашылық ізденісі түрлі бағытты қамтиды. Оның мүсіндеуіндегі арғымақтар кең даланың төсінде желмен жарысып, бауыры жазылып шауып келе жатқандай немесе құс сипатына еніп, қанат байлап көкке шаншыла қарғығандай, кейде тіпті аламан бәйгенің алдында оқ бойы озып келе жатып, омақаса құлап, қиналып жатқандай күрделі қозғалыста бейнеленеді. Мүсіншіге оның шашасына шаң жұқтырмай, көз ілеспес жылдамдықпен самғаған сәтін қармап қалу оңай емес.

— Мүсіндер әртүрлі техникада орындалды. Олар қола, алюминий және гранит тастардан жасалған. Жанры да бір-біріне ұқсамайды. Көбінесе қазақ халқының болмысы, салт-дәстүрі, аңыз-ертегілер мен еліміздің тарихы бейнеленеді. Одан бөлек, еліміздің белгілі тұлғаларының мүсіндерін жасадым. «Атамекен» атты туған жердегі алғашқы көрмені биыл мерейтойлары аталып өткен тұлғаларға арнадым, — дейді автор.

Мүсінші бірінші кезекте өзін анималист мүсінші ретінде таныс-тырады. Ол өз туындыларында жылқы бейнесін: бәйге жылқысы мен асау тұлпардан, Ақан серінің Құлагері мен мифтік жаратылыс – қанатты пыраққа дейін әртүрлі интерпретациялайды. Сонымен қатар, скиф-сақ мәдениетін терең зерттеуінің нәтижесінде бірқатар туындыны өмірге әкелді. Көп жұмысында аң стиліне деген қызығушылығы айқын байқалады. Ана тақырыбындағы шығармаларында ана бейнесі отбасы, ошақ қасын берік ұстаушы ретінде кейіпкерге айналған.

— Даниярдың қазақ халқының қымбат қазыналарының бірі болып саналатын тұлпар бейнесін қастерлеп, жан-жануарлар әлемін бейнелеуге құштарлығы анималист мүсінші ретінде танылуына жол ашты. Сақ мәдениетін терең зерттеуінің нәтижесінде уақыт пен кеңістікті жалғастыратын желмая туындылары өмірге келді. Олардың қатарында дербес көркемдік шешіммен, пластикалық пішінімен ерекшеленетін «Романтик», «Кербұғы» және «Талпыныс» шығармаларында елеусіз ұсақ бөлшекке дейін назар аудара отырып, аң стилінің ерекшелігін айқындайды. «Туған жер» композициясы ішкі ырғағы мол өзгеше пішінмен мазмұндалса, «Жошы хан» мүсіні – портреттік және анималистік жанрлардың жарқын үйлесіміне жақсы мысал бола алады. Тарихи тақырыптағы осы композицияның басты кейіпкері – жылқының тізгінін ұстаған ер адам, батыр Жошының көркем бейнесі. Тұлпардың тұрпаты, оның тұрған кейпі, мінезі аса шынайы дәлдікпен сомдалған. «Құлагер», «Жүйрік ат», «Талпыныс» сынды шығармаларында мүсінші түрлі материалмен жұмыс істеудің шебері екенін көрсетеді. Қола және қалайы сияқты құрамы әртүрлі екі материалды нағыз кәсіби шебер ғана үйлестіре алады, — дейді облыстық Суретшілер одағының төрағасы, қылқалам шебері Өсербай Шоранов.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.