Облыста Республика күні кеңінен аталып өтті. Мереке ҚР Мемлекеттік рәміздері алаңында Мемлекеттік туды көтеру рәсімінен басталды. Шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.

Ұлттық мереке қарсаңында өңірде іс-шаралар онкүндігі өтіп, спорт нысандары мен тұрғын үйлер ашылды. Мәселен, Мойылды ауылында белгілі жерлесіміз Халық әртісі, режиссер Кәукен Кенжетаевтың есімі берілген мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шара барысында аймақ басшысы ауыл тұрғындарын құттықтап, жаңа әлеуметтік нысандарды салу және қолданыстағы әлеуметтік нысандарды жаңарту ауыл тұрғындары үшін жайлы жағдай жасаудың тағы бір қадамы екенін алға тартты.

— Мәдениет үйін салу мәселесін ауыл тұрғындары 2019 жылдан бастап кездесулерде көтеріп келді. Ауылдың шығармашылық ұжымдары дайындықтарын санаторийде немесе мектепте өткізуге мәжбүр болды. Осы жылы жоба «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асырылды. Ұзақ күткен мәдениеттің жаңа ордасы тартымды орталыққа, жақсы демалыс орнына айналуына тілектеспін, — деді облыс әкімі.

Ауданы 1500 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимаратта тұрғындардың бос уақытын өткізуге және шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған. 300 орындық концерт залы, үйірмелер кабинеттері, көркемөнер, үлкен хореография залы бар. Аталмыш мекеменің ерекшелігі сұйытылған газбен жұмыс істейтін қазандық болды. Бүгінгі таңда бұл — өңірдегі осындай экологиялық технологияны қолданған алғашқы әлеуметтік нысан.

Жаңа мәдениет үйінің алғашқы көрермендеріне Республика күні қарсаңында Естай атындағы мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары концертттік бағдарлама ұйым-дастырды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.