Әскери қызмет — әрбір азаматтың борышы, оны орындау — жоғары құрмет. Бүгінде еліміздің түрлі өңірлерінен келген жастар өз борыштарын адал атқарып, Отан алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, әскери өмірдің белестерін өткеруде. Бір қызығы, биыл «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №6679 әскери бөліміне әскерге шақырылған жастардың арасында бір отбасында дүниеге келген егіз екі ағайынды сарбаздар қызмет атқаруда.
Ағайынды Әсембек пен Әлембек 2006 жылы 6 наурызда қарапайым отбасында дүниеге келген. Әсембек өз сыңарынан
10 минут ерте дүниеге келіп, өз бауырына әрдайым үлгі болып келеді. Екеуі де №45 гимназияда білім алып, кейіннен «Индустриялдық техникалық» колледжіне түсіп, Әсембек автослесарь, Әлембек токарь мамандығы бойынша білім алды. Оқу мен спортты қатар алып жүрген жігіттер, Әсембек кикбокс- пен, Әлембек «ММА»-мен айналысты. Екі жастың арманы – әскери қызметке өз еркімен барып, Отанға адал қызмет ету.
Келесі егіздер – Қостанай облысынан келген Нұрсұлтан мен Ерсұлтан. Олар 2004 жылы 29 маусымда өмір есігін ашқан. Екеуі де Ы.Алтынсарин атындағы мектепте 11 жылдық білім алып, Индустриалдық-педагогикалық колледжінде «жерге орналастырушы» мамандығы бойынша білім алып шығады. Оқу аяқталғаннан кейін, олар да өз еркімен әскерге баруға шешім қабылдады.
— Қаралы қаңтардан кейін әскерге баруды жөн санадық. Басында ата-анамыздың қарсы болғаны рас. Бірақ әкеміз бен ағамыз таңдауымызды қолдап, баталарын берді. «Отан алдындағы борыштарыңды өтеп келіңдер» деді. Анамыздың бойында қорқыныш болғанымен, кейін ол кісі де рұқсат етті. Мақсатымыз — өз Отанымызды қорғау және азаматтық борышымызды атқарып, үлкен абыроймен үйге қайтып, ата-анамыздың, елдің мақтанышы болу, — дейді ағайынды Нұрсұлтан мен Ерсұлтан.
Мерзімді қызметін өтеуге бар ынта-жігерімен келген олар әскери бөлімде де бір-біріне серік. Егіздер – қос жүрек, бір тағдыр. Олардың әр қадамы, әр іс-әрекеті елге қызмет ету, туған жердің тыныштығын сақтауға бағытталған. «Бірлік – берекенің бастауы» дегендей, олар әскери өмірдің қиындығында бір-біріне қолдау көрсетіп, қиындықтарды бірге еңсереді. Бірігіп атқаратын жұмыстары мен ортақ мақсаттары оларды одан әрі нығайта түсуде. Әскерде егіздердің болуы — қалыпты жағдай, бірақ екі егіздің бір уақытта бір бөлімшеде борышын өтеуі кімді болса да таңқалдырары анық.
Нұрсәуле Тоқтарова, №6679 әскери бөлімінің қызметкері.