Өткен аптада Павлодар қаласында екі күн бойы  «Saryarqa samaly» газетінің жүлдесіне арналған дәстүрлі республикалық тоғызқұмалақ турнирі өтті. Биыл XVI мәрте жалауын көтерген турнирде Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Павлодар облысының аудан-қалаларынан 350-ден астам ойыншы бақ сынады. Ұлдар мен қыздар  5 жас ерекшеліктері бойынша 50-ден астам жүлдені сарапқа салды. 

Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің жүлдесі үшін өтетін тоғызқұмалақтан республикалық турнир осымен ХVI мәрте өткізіліп отыр. Жылдан — жылға жарыстың географиялық аумағы кеңейіп, қатысушылардың саны артып келеді. Мәселен, биыл облыстың аудан-қалаларынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Абай, Ұлытау, Қостанай өңірлерінен жас спортшылар келді. Естеріңізге сала кетсек, газет жүлдесі үшін ұйымдастырылған республикалық турнир 8, 10, 13, 15 жасқа дейінгі және 16 жастан жоғары қатысушылар арасында өтті. Рапид ережелеріне сәйкес әр қатысушыға 20 минуттан берілді. Жүлделі орындардан бөлек, «Ең жас тоғызқұмалақшы» және «Тәлімді бапкер» аталымдары қарастырылған болатын. Биыл «Ең жас тоғызқұмалақшы» аталымын Успен ауданынан келген жас тоғызқұмалақшы Арлан Косыбаев иеленсе, «Тәлімді бапкер» аталымына барлық жаттықтырушылар ие болды.

Айта кетейік, биылғы жарысқа ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитеті, Республикалық тоғызқұмалақ федерациясы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау білдіріп отыр. Ұлттық спорт турниріне қолдау көрсеткен басқарма басшысының орынбасары Қайрат Ахметжанов өресі биік бұқаралық спорт өнері жайлы сөз сөйлеп, ақжарма тілегін ақтарды.

— Соңғы уақытта жастардың арасында ұлттық спортты дамытуға, ұлттық кодымызды жаңғыртуға деген ерен құлшынысы байқалады. Халықаралық деңгейде, өңір-өңірде ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан жарыстар, дүбірлі додалар — соның айқын көрінісі. Мемлекет басшысы бұған айрықша
назар аударып, ұлттық спорт түрлерін ұлықтауда нақты тапсырмалар жүктеді. Дәл осындай ұлтымыздың өшпес мәдениет үлгісі мен ұлттық спорттың бірі – тоғызқұмалақ ойыны. Ол — ұлтымыздың атам заманнан бері жалғасып келе жатқан, тамыры тереңге бойлаған дәстүрлі төл мұрасы, — деді ол.

Павлодар қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің басшысы, жарыстың бас төрешісі Шәріп Қашкеновтің айтуынша, қатысушылардың арасында спорт шеберлері, спорт шеберіне үміткер, республикалық, халықаралық жарыстардың жеңім-паздары бар. Бұл – жеткіншектердің аталмыш спорт түрінен шеберлігін жетілдіруге, олардың бабын байқауға, әр аймақтан келетін бәсекелестермен күш сынасуға таптырмайтын алаң. Сол себепті, жыл сайын бұл турнирді асыға күтетіндер көп. Мұндағы басты мақсат – ұлттық ойынды көпшілік арасында кеңінен насихаттап, төл спортымыздың дамуына үлес қосу.

— Осымен ХVI мәрте өткізілген республикалық тоғызқұмалақ турнирі ұлдар мен қыздар арасында жас ерекшеліктеріне сәйкес 5 топ бойынша өтуде. Спортшылар 8 жасқа дейінгі, 10 жасқа дейінгі,
13 жасқа дейінгі, 15 жасқа дейінгі, 16 жас және одан жоғары (ересектер) санатта қатысуда. Жыл сайын газет жүлдесі үшін ұйымдастырылатын дәстүрлі додада биыл 300-ден астам қатысушы бақ сынайды. Ағымдағы жылы Павлодар облысы атынан қатысатын жас спортшылар санын азайтқанымызбен, өзге облыстардан келген спортшыларымыз көп. Мысал үшін бір ғана Қостанай облысынан 5 команда келді, — деді ол.

Сонымен қатар, зияткерлік ойынның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, төл тарихымыздың төрінен орын алған ұлттық құндылықтар туралы айтып өтті. Сондай-ақ, ұлттық спорт жанашырлары — «Қағандық» қоғамдық ұйымының басшысы Еркеғали Жанғазы, «Жекпе-жек» Ұлттық спорт федерациясының президенті Данияр Жұмаділ мен ардагер ұстаз, тоғызқұмалақ ойынын дәріптеуші Сағидолла Шахманов тәлімгерлерге алғыс білдіріп, жас спортшыларға жеңістің биік тұғырын тіледі.

Биылғы білгірлер бәйгесінде 40 медаль сарапқа түсті. Одан бөлек үздік ойыншыларға жұбаныш сыйлығы да ұсынылған. Жалпы, 52 қатысушы жүлделі болды. Сонымен қатар, арнайы номинациялар да табыс етілді. Олай болса, «жүзден жүйрік» мыңнан тұлпар» атанған жеңім-
паздармен таныс болыңыздар.

 

8 жасқа дейінгі қыздар арасында:

І орын – Әмина Бердинова (Қарағанды облысы)

ІІ орын – Назерке Азат (Ақсу қаласы),

ІІІ орын – Медина Берік (Ақтөбе облысы),
Аиша Мұратқали (Қостанай облысы);

 

8 жасқа дейінгі ұлдар арасында:

І орын — Расул Мұрат (Абай облысы)

ІІ орын — Әзім Ахметов (Ақсу қаласы),

ІІІ орын — Шахназар Берік (Шахтинск қаласы), Дияр Достықұлы (Шығыс Қазақстан облысы);

 

10 жасқа дейінгі қыздар арасында:

І орын — Сапар Хабиба (Ақсу қаласы)

ІІ орын — Айзере Серікова (Абай облысы)

ІІІ  орын — Амина Есіпхан (Абай облысы), Арна
Куватова (Павлодар облысы);

 

10 жасқа дейінгі ұлдар арасында:

І орын — Мағжан Нұрали (Ақсу қаласы)

ІІ орын — Саян Садықов (Алматы облысы)

ІІІ орын — Ерсұлтан Хасен (Абай облысы), Асанәлі Серіков (Екібастұз қаласы);

 

13 жасқа дейінгі қыздар арасында:

І орын — Азиза Құлбаева (Ақсу қаласы),

ІІ орын — Райхан Оразбаева (Ертіс ауданы)

ІІІ орын — Айару Жолдыбай (Қарағанды облысы), Айя Қаркен (Ақсу қаласы);

 

13 жасқа дейінгі ұлдар арасында:

І орын — Аңсар Серік (Павлодар облысы)

ІІ орын — Ерқанат Ниязбек (Қостанай облысы)

ІІІ орын — Арнат Қайриденов (Павлодар облысы), Ратмир Сағынтаев (Павлодар облысы);

 

15 жасқа дейінгі қыздар арасында:

І орын — Аружан Азат (Ақсу қаласы),

ІІ орын — Мәдина Сейітқазинова (Екібастұз қаласы),

ІІІ орын —  Мәлика Әсемханова (Абай облысы), Бибігүл Молдашева (Астана қаласы);

 

15 жасқа дейінгі ұлдар арасында:

І  орын – Әмір Наурызғали (Павлодар облысы),

ІІ орын – Ернар Еркін (Ұлан ауданы),

ІІІ орын —  Әзімхан Батухан (Шымкент қаласы), Азамат Халел (Астана қаласы);

 

16 жас және одан жоғары қыздар арасында:

І орын — Тамерлан Сапар (Павлодар облысы)

ІІ орын — Салахаддин Агитаев (Павлодар облысы)

ІІІ орын — Ернұрсұлтан Боранбай (), Әкежан Рамазанов (Абай облысы);

 

16 жас және одан жоғары ұлдар арасында:

І орын — Елдана Оралбай (Павлодар облысы)

ІІ орын — Аружан Сәлмен (Павлодар облысы)

ІІІ орын — Ләззат Жанғазинова (Павлодар қаласы), Назгүл Қонқышева (Екібастұз қаласы);

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.