Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын мақсат-міндеттердің ең бастысы — қоғамда өз орнын таба білген саналы, салауатты ұрпақ тәрбиелеу.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Тәуелсіздік және Отаншылдық», «Бірлік және ынтымақ», «Әділдік және Жауапкершілік», «Заң және Тәртіп», «Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік», «Жасампаздық және жаңашылдық» сынды негізгі құндылықтарды атап өтті. Президенттің тапсырмасы аясында биыл ҚР Оқу-ағарту министрлігі өскелең ұрпақтың бойына аталған құндылықтарды сіңіруге бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын енгізді. Бағдарламаны өңірімізде іске асыру жолдарын оқытуға арналған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы: жаңартылған мазмұны және енгізу алгоритмі» тақырыбында тамыз айында өткен тренерлерді даярлау және оқыту семинарына облысымыздан 9 білікті маман қатысып, сертификатталды.
Аймақта аталған бағдарламаны іске асыру мақсатында жобалық кеңсе құрылып, жұмыс жоспары бекітілді. Сол жоспар негізінде осы жылы 19 тамызда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру мақсатында білім ордасының басшылары, тәрбие ісінің орынбасарлары, аға тәлімгерлер, әдістемелік кабинет әдіскерлерімен облыс көлемінде семинар өткізілді.
Ахмет Байтұрсынұлының «Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу — адамшылық ісі» деген ұлағатты сөзін ұстанған бала тәрбиесінің шамшырақтары игілікті істі жалғастыруда облыстық білім беру басқармасының қолдауымен қала және аудан мектептерінде қосымша бағдарламаны іске асырудағы туындайтын мәселелерді анықтап, шешу жолдарын меңзеп, біршама жұмыстарды орындаудың жолдарын көрсетті. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасының апта сайынғы шаралары әр білім ордасында бастау алды. Атап айтқанда, оқу аптасының басында білім алушылар Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранын орындайды.
Бағдарлама аясында «Апта дәйек сөздері», яғни мақал-мәтелдер, халық даналығы, көрнекті тұлғалардың ұлағатты сөздері бүкіл білім беру ұйымның LED экрандарында, сынып тақталарында орналастырылды. «Қауіпсіздік сабағы» — жол қозғалысы ережелерін, өмір қауіпсіздігі негіздерін зерделеп, білім алушылардың жеке қауіпсіздігі мен көркем мінез-құлқын сақтау туралы сынып сағаты шеңберінде 10 минут ақпарат беру немесе әңгімелесулер өткізілді. «Ұлттық ойын — ұлт қазынасы» — үзіліс кезінде білім алушылар асық, тоғызқұмалақ, бес тас сынды ұлттық ойындармен сусындады. «Күй күмбірі» -қоңыраудың орнына күйді пайдалану, сондай-ақ үлкен үзіліс кезінде күй тыңдау, ал «Үнемді тұтыну» бағытында суды, тамақты, энергияны тұтыну бойынша күнделікті табиғи ресурстарға ұқыпты қарауды қалыптастыру жайлы жадынамалар, нұсқаулықтар мен парақшалар әзірлеу іс-шаралары қолға алынды.
«Өнегелі 15 минут» — ата-аналардың баласымен мінез-құлық және адамгершілік туралы 15 минут жеке әңгімелесуді білім ордалары «Жасанды интеллект» арқылы ұштастыра отырып, күнделікті жүргізуде. «Тәрбие — ұлт пен мемлекеттің болашағын айқындайды», — демекші, болашағынан зор үміт күтетін, елдің тұтқасы болар бала көргіміз келсе, қоғамның берер бағыт-бағдары да зор екенін ескере отырып, бағдарламаның жалпы мақсаты мен міндеті жөнінде қоғамды ақпараттандыру жұмыстары жан-жақты іске асырылуы тиіс. Осы орайда «Халық радиосында» және «Ел арна» тікелей эфирінің «Жаңа күн» бағдарламасында сұхбат берілді.
Қазіргі қоғамда орын алған вейп, нашақорлық, лудомания, вандализм, діни экстремизм, буллинг, зорлық-зомбылық, ысырапшылдық сынды түрлі кеселдердің алдын алудың бір жолы, тәрбиенің қайнар көзі — бала бойына құндылықтарды дарыту және мейірімділікті, Отанға, жалпыадамзатқа, табиғатқа деген сүйіспеншілікті сіңіру. Ол үшін отбасындағы тәрбиенің алар орны зор. Бұл ретте, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде ата-анамен ынтымақтастықта жұмыс жасау, оларға педагогикалық қолдау көрсету жұмыстары жоспарланып, жүйелі түрде жүргізілуде.
Ұрпақ мәселесі қай кезде де маңызды. Бала тәрбиесіне ата-ана да, мектеп те, қоғам да бірдей жауапты дей келе, осындай саналы істердің бастамасы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын қоғам болып бірлесе іске асырайық дегім келеді.
Роза АҚАНОВА, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары.