Жақын арада Қазақстанның жетекші жылқы өсірушілері республика бойынша қазақ асыл тұқымды жылқыларына зерттеу жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша жылқы тұқымдарын жаңғырту жоспары жасалады.
Бұл туралы Үкіметтегі кеңес барысында жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру институтының басшысы Әлібек Базарғалиев мәлімдеді. Министрлер кабинетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, алдын ала есептеулер бойынша оларды жандандыру бойынша жұмыс кемінде бес жылға созылады. Институттың негізгі стратегиялық мақсаты — жылқы шаруашылығының селекциялық-асыл тұқымдық жұмысын ғылыми-практикалық үйлестірумен қатар, қазақ жылқы тұқымдарының генофондын сақтау және жетілдіру. Оларға қол жеткізу үшін институт алдында жақын болашақта қажетті көлем мен қаржыландыру көздерін анықтау, ғылыми және жоғары білікті мамандарды жұмысқа тарту, сондай-ақ материалдық-техникалық негізді құру міндеттері тұр.
Үкіметтің мәліметінше, Қазақстанда түрлі бағыттағы 13 жылқы тұқымы өсіріледі. Ғалым-селекционерлер тәжірибеші-селекционерлермен бірге Қостанай мініс жылқы бағытындағы (1951 жыл), сондай-ақ, Көшім (1976 жыл) және Мұғалжар (1998 жыл) ет-сүт бағытындағы отандық жылқы тұқымдарын кең танымал етті. Олардың өнімділік қасиеттері бойынша олар әлемдік стандарттар деңгейінде, ал жыл бойы жайылымдық-тебін күтіп-ұстаудың қатал жағдайларына бейімделуі бойынша баламалары жоқ.
А.МҰҚЫШЕВ.