Жыл сайын облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердегі жеделсатылар жаңартылуда. Бүгінгі таңда тозығы жеткен лифтілердің мәселесі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде шешімін тауып келеді. Қазіргі уақытта Павлодар қаласында бес апатты лифтіге жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жақында қала әкімі Хасар Хабылбеков Н.Назарбаев даңғылы, 52-үйдің тұрғындарымен кездесіп, пайдалануға берілген жаңа лифтінің жағдайын тексеріп қайтты.

— Бұл лифт тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында ауыстырылды. Қазіргі уақытта тағы 5 лифтіні ауыстыру бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қалада тұрғындар көпқабатты үйдің шатыры, қасбеті немесе лифтіні жөндей алатын бағдарлама бар екенін еске салғым келеді. Ол үшін Кривенко көшесі, 25 мекенжайында 701 және 711 кабинеттеріне келіп, немесе 623322 телефоны бойынша тұрғын үй инспекциясы бөліміне жүгіну қажет, — деп жазды ол өзінің Instagram-парақшасында.

Павлодар қаласы тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының мәліметінше, облыс орталығында жеделсаты жабдығының тозуы 72 пайызды құрайды. Яғни, шаһарда 1640 лифт болса, олардың 70 пайызы ауыстыруды қажет етеді. Көпқабатты тұрғын үйдегі лифтті жаңарту туралы өтініште тұрғындардың 3-тен 2 бөлігінің рұқсаты болуы керек. Жеделсатыны жаңарту жұмыстары шамамен 1,5-2 ай уақыт ішінде жүргізіледі.

Айта кетейік, Павлодарда қаланың лифт шаруашылығын қайта жандандыру жөнінде арнайы бағдарлама әзірленді. Себебі жеделсатыны мемлекеттік қаражатқа ауыстыруға болмайтыны белгілі. Бұл — кондоминиум нысаны. Жергілікті тұрғындардың жиналысы және келісімінен кейін жауапты мекеме мамандары пәтер иелеріне лифтіні ауыстыруға қажет соманы бөліп төлеуге мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама ұсынды. Жаңа жеделсатының құны 16-дан 18 миллион теңгені құраса, бағдарлама мерзімі 8-ден 15 жылға дейінгі аралықты құрайды. Аталған негіздемеге сәйкес, қаржы қаралған соң жеткізуші мердігер мекемемен келісімшарт түзіліп, орнатылу жұмыстары жүргізілмек. Жеткізуші мердігер мекемемен орнатылатын жеделсатылардың келісімшарт бойынша 2 жылдық кепілдік мерзімі де қарастырылған.

 

А.МҰҚЫШЕВ.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.