Біз, XXI ғасырдың жастары, күн сайын өсіп-өркендеп, гүлденіп келе жатқан егемен елдің жарқын болашағы боламыз. Алдымызға қойған басты мақсат — сапалы білім, саналы тәрбие алып, келешекте жақсы маман иесі атану. Сөйтіп, ел үшін ерінбей еңбек ету.
Әр азаматтың жүрегі қалаған мамандығы бар. Қандай мамандық болмасын, оның өзіндік орны, ерекшелігі болады. Менің ойымша, адам мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы қажет. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарған азамат қана өзін бақытты сезінеді екен. Ал жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, шәкірт жүрегіне гүл егіп, бала жанының бағбаны болар аяулы ұстаздар мамандықтың төресі емес пе?! Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, бәрі-бәрі мұғалімнен білім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Ұстаз — ақылдың тозбайтұғын асылы. Қастерлі мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Сол үшін мұғалімдік мамандықты таңдадым. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым. Сол асқақ арманыма жету мақсатында Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжіне оқуға түстім. Биыл осынау алтын ұяға 95 жыл толып отыр. Менің ойымша, бұл — үлкен жетістік. 95 жылда өз қалпынан танбай, алға қарай дамып, биік белестерді бағындырып келеді. Нәтижесінде, бүгінде жоғары педагогикалық колледж атанып, болашақ педагогтерді тәрбиелеп шығаруда. Өз басым осындай киелі білім ордасының студенті атанғаныма қуанамын. Терең тарихы бар колледж-ден өз ісіне адал, тиянақты, білімді мұғалім болып шығатыныма сенемін!
Диана ЗЕКЕНОВА, 4-курс студенті.