Павлодар ауданында ауыл шаруашылығы саласы бойынша көңілге қонымды көрсеткіш баршылық. Қамбаға ойдағыдай өнім жиналып, мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде мал шаруашылығы да дамуда. Өткен аптада аталмыш асыраушы саланың ардагерлері мен аудандағы ірі шаруашылық иелерінің басын қосқан «Туған жер – алтын бесік!» атты ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Жуырда Павлодар ауданы Кемеңгер ауылындағы аудандық мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Жиынға биыл егін өсіруде жоғары өнімділікке қол жеткізген ауыл шаруашылығы құрылымдарының, шаруа және ферма қожалықтарының басшылары мен өкілдері, механизаторлар мен агрономдар қатысты.

Аудан әкімі Дидар Ибраев дала еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы ауыл шаруашылығы саласымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Айтуынша, аталмыш аудан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруден облыста көш бастап тұр. Мәселен, ағымдағы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 13 пайызға өсіп, 55 миллиард теңгені құрады.

— Биыл аудан бойынша егін алқабы 86,3 мың гектарды құрап, майлы дақылдар 11,5 мың гектарға, картоп 425 гектарға және мал азықтық дақылдар 630 гектарға ұлғайтылды. Мал шаруашылығын, ет және сүт өндіруді дамыту көрсеткіштері де өсті. Бүгінгі таңда 46 мың тоннадан астам сүт, 21 мың тоннадан астам ет өндірілді. Сондай-ақ, ауданда облыстағы сүт өндірісінің 30 пайыздан астамын қамтамасыз ететін ірі сүт фермалары жұмыс істейді. Атап айтсақ, олар — «Ертіс», «Жаңа қала», «Луганск» шаруа қожалықтары мен «Agro-Trade PV», «Киров» ЖШС-тері. Ағымдағы жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласына 18,3 млрд теңге инвес-тиция тартылды. Оның ішінде 9 млрд теңгеден астам қаржыға 3 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары жалғасуда. Мысалы, «TurkeyPVL» ЖШС-нің күркетауық етін өндіретін құс фабрикасының, «Андас-Агро» ЖШС-нің 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасының және «Асхат» шаруа қожалығының сыйымдылығы 10 мың тонна көкөніс сақтауға мүмкіндік беретін астық қоймасының құрылыстары жүргізілуде. Тағы бір ірі инвестициялық жоба – «Ертіс-Успен каналының» құрылысы. Жобаны іске асыру барысында облыстағы суармалы жер көлемі 10 мың гектарға ұлғайып, 25 мың гектардан астам аумақты құрайды, — деді Дидар Елубекұлы.

Сонымен қатар, аудан басшысы Астанада өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысының Жарлығымен Шақат ауылдық округіне қарасты «Болат» шаруа қожалығының басшысы Әбжанов Жексен Олжа-байұлы 3-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Агро-Трейд ПВ» ЖШС-нің механизаторы Петр Прокопьевич Бойку «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғанын атап, бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосып жүрген барлық азаматтардың мерейі екенін еске салды.

— Ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор деп білемін. Аудан еңбеккерлері халықты жоғары сапалы, экологиялық таза азық-түлікпен қамтамасыз етуде үздіктер қатарында бола беретіне сенімдімін. Бүгінгі таңда бұл бағытта еселі еңбек етіп жүрген Зейнолла Сәлменбаев, Петр Кузьменко, Қайрат Тұрлыбаев, Әсет Қайырбеков, Қуаныш Темірғалин, Ербол Досыбаев, Қадырбек Нұрпейісов, Сергей Ткачук, Мұрат Қазиев сияқты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, аудан мен облысты сапалы әрі қолжетімді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп жүрген бірқатар шаруашылық иелеріне алғыс білдіремін, — деді ол.

Салтанатты шара барысында ауданның ауыл шаруашылығы саласына өзіндік үлестерін қосып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген бір топ шаруашылық жетекшілері, жеке кәсіпкерлер облыс әкімінің, аудан әкімінің және облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Атап өтсек, «Жаңа қала» шаруа қожалығының директоры Қайрат Тұрлыбаев пен «Қабылдиновых» шаруа қожалығының басшысы Жаслан Қабылдинов ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күнін мерекелеуге орай «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды.

Сонымен қатар, «НұрТомирис» ЖШС басшысы Тимур Садықов, ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас агрономы Жанат Кәкімов, «Киров» ЖШС-нің механизаторы Василий Кулинич ауыл шаруашылығының дамуына қосқан зор үлесі үшін облыс әкімі Асайын Байхановтың Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұдан бөлек, «Құсайынов» ЖК директоры Амангелді Құсайынов, «Рустемов» ЖК директоры Жаслан Рүстемов, «Мирас» ЖК директоры Қайыргелді Майкенов пен «Киров» тауарлы сүт фермасының слесарь қызметкері Юрий Стоцкий облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Ал «Набережное» ЖШС есепшісі Дана Сыздықова, «АгроСоюз» фермерлік қожалығының жетекшісі Александр Стародубцев, «Адис» ЖШС тракторист экскаваторшысы Игорь Глаголев ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуда жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраевтың Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, аудан әкімінің Алғыс хатына «Андас-Агро» ЖШС агрономы Қайсар Абылғазинов, «Набережное» ЖШС инженер-механигі Сергей Оксанен, «Асхат» шаруа қожалығының механизаторы Мұрат Темірғалиев, «Киров» тауарлы сүт фермасының сауыншы-операторы Елена Конюхова, «Agro-Trade PV» ЖШС механизаторы Александр Лобко ие болды.

Онымен қоса, дала еңбеккерле-рінің атаулы күніне орай облыстық мәслихаттың агро-өнеркәсіптік кешен мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Болат Аманжолов «Мақаш» шаруа қожалығының басшысы Есемжан Мақашқа, «Қуаныш» шаруа қожалығының басшысы Асқар Бейсенбин мен «Жаңа қала» ЖШС ветеринары Виктор Лаубганға облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасын табыс етті. Сондай-ақ, «ERTIS» колледжінің директоры Айгүл Байжұманова, «Дзюба» шаруа қожалығының басшысы Владимир Дзюба, «Рүстемова» ЖК директоры Софья Рүстемова және «A.Z.A» шаруа қожалығының директоры Бейбіт Сыздықов облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты шарадан кейін жиналғандар аудандық мәдениет үйі өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, жергілікті ұжымдардың шығармашылығына куә болды.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ, Павлодар ауданы.