Архив – тарихи шежіре қоймасы ғана емес, әр ұлттың даму жолын, болмысын, арман-тілегін, ақыл-ойын, даналығы мен даралығын сақтайтын киелі орын. Ал сонда сақталған маңызды құжаттарды көзінің қарашығындай сақтап, тарихи деректерден ақпарат беріп отыратын жандар – архившілер. Солардың бірі – Павлодар қалалық архивінің қызметкері Саян Артықбаева.
Саян Ғабдылжапарқызы 1978 жылы Павлодар педагогикалық университетін (қазіргі Әлкей Марғұлан атындағы университетін) физика мамандығы бойынша бітіреді. Алайда сол уақытта өзінің мамандығына сәйкес жұмыс таба алмағандықтан, жергілікті әкімшіліктен жұмыс сұрап барады. Дегенмен, олар бос орын тек Павлодар қалалық архивте бар екенін айтады. Өз саласына еш қатысы болмаса да, кейіпкеріміз бұл бағытта өзін сынағысы келіп архивші болып қызметін бастап кетеді. Сол уақыттан бастап бүгінге дейін Саян Артықбаева аталған мекемеде 25 жылға жуық уақыт табанды еңбек етіп келеді.
Оның айтуынша, архив қызмет-керлерінің басты міндеті — архив жұмысын дұрыс ұйымдастыру және оның құжат айналымын басқару. Архив қызметкері құжат-тарды қабылдау, тіркеу, сақтау, құндылығына сараптама жүргізу, заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бойынша беру және сақтау мерзімі аяқталғаннан кейін жою үшін жауап береді. Кейде мұрағат қызметкерлері мұрағат құжаттарын заңды тұлғалар мен мемлекеттік органдардың сұранысы бойынша жеткізеді.
Саян Артықбаева еңбек ететін архивтегі құжаттардың үлкен жиынтығын энергетикалық кәсіпорындар, темір-бетон бұйым-дары зауыттары, үй құрылысы комбинаты, жиһаз және тігін фабрикалары, автокөлік кәсіпорындары ұсынады. Сондай-ақ, медициналық және мектепке дейінгі мекемелердің, орта білім беретін мектептердің, нотариалдық кеңселердің және т.б маңызды құжаттардың жинақтарын кездестіруге болады.
— Жеке құрам жөніндегі құжаттар қызметкердің еңбек жолын көрсетеді. Олардың қатарында жұмысшыларды жұмысқа қабылдау, ауыстыру, жұмыстан босату туралы бұйрықтар, аттестаттау және біліктілік комиссияларының хаттамалары, үзінді көшірмелер, жеке еңбек шоттары, қызметкерлердің жеке істері мен карточкалары, жазатайым оқиғалар туралы есептер, қызметкерлер тізімдері, еңбек шарты бар. Олар кәсіпорынның еңбек тарихын көрсетеді. Сақтау мерзімі — 75 жыл, — дейді ол.
Сондай-ақ, мемлекеттің нығаюы, механизмнің күрделене түсуі, құжаттардың жаңа түрлерінің пайда болуы, қызмет көрсетуді автоматтандыру архив қызметкерлеріне үлкен міндет жүктеп отырғанын алға тартады. Өйткені, қай елдің болмасын қоғамдық-саяси, экономикалық, рухани өмірі, жалпы бар болмыс-тіршілігі құжаттарынан көрініс тауып, уақыт өте келе тарихына айналатыны белгілі.
Уақыт еншісіндегі байлықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, оны тиісінше сақтау және қоғам мүддесіне пайдалануды ұйым-дастыру — архивтер мен архив қызметкерлерінің мақсаты. Ал сол мақсатта Саян Ғабдылжапарқызы өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді.
Айдана БОРАНБАЕВА.