Елімізде жұмыссыз әрі оқымайтын санатқа жататын жастардың үлесі азайған. 15-34 жас аралығындағы NEET санатына жататын жастардың үлесі 6,4 пайызды құрады. Яғни, елдегі 345,5 мың жас жұмыс істемейді әрі оқымайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 7,1 пайызды құраған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді.
NEET категориясындағы жастардың ең көп үлесі Алматы қаласында тіркелген. Шаһардағы мұндай жастардың саны 42 мыңнан асып отыр. Түркістан облысында 35 мыңға жуық жас, Астана қаласында 26 мыңнан астам жас NEET категориясына енеді.
Жұмыссыз әрі оқымайтын жастардың ең аз саны Ұлытау облысында (5,4 мың адам) байқалды.
ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жастардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайды. Жұмыссыз жүрген жастардың мәселесі Үкімет отырысында сөз болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Светлана Жақыпова елімізде Neet санатындағы жастардың көбі мектеп бітірген соң оқуға түспеген, не жұмысы жоғын айтты. Қазіргі таңда бұл бағытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс жүргізілуде. Биыл министрліктің ұйытқы болуымен 7 мың азамат жұмысқа тұрған. Сондай-ақ, министр жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтуда тың бастаманы қолға алып жатқанын айтты.
«Мәселен, Астана қаласындағы «Шапағат», тағы сол сияқты сауда орталықтары маңында 300-дей азамат таңнан кешке дейін шоғырланып тұрады. Сол жерден 10 жанұяны Солтүстік Қазақстан облысына көшіріп, жұмысқа орналастырдық. Бұл оң нәтиже беріп отыр. Бастаманы нормативтік-құқықтық жағынан реттеп, оның алгоритмін жергілікті атқару органдарына жеткізіп, осындай шараларды қолға алып отырмыз», — деп толықтырды ведомство басшысы.
Еске сала кетсек, былтыр NEET санатындағы жастардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына тұрақты мониторинг жүргізілетіні айтылған еді.
Үкіметтің 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы бойынша жұмыссыз жастар үлесін 3,5 пайызға дейін төмендету жоспарланған.
Павлодар облысында NEET категориясына жататын жастардың үлесі 9 мыңға жуықтайды. Оның ішінде бала күтіміне байланысты декретте отырған жас аналардың үлесі басым. Биыл 600-ден астам жас еңбекпен қамтылған.
Өз тілшіміз.