Кеше Успен ауданының Тимирязев елді мекенінде ауылдық медициналық пункт ашылды. Ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.
— Бұл нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды. Жылдар бойы жеке ғимарат берілгенін күттіңіздер. Төзімділік танытқандарыңызға рақмет. Медициналық пункт тұрғындар игілігіне жарап, азаматтардың денсаулығына серпін береді деген сенімдемін, — деді Асайын Қуандықұлы. Қуанышты сәтке ортақтасуға арнайы келген денсаулық сақтау саласының ардагері Шолпан Молдағазинова да алғысын білдірді.
— 28 жыл осы ауылда еңбек еттім. Жеке ғимаратымыз болмаған еді. Бүгін, міне, заманауи пункт ел игілігіне беріліп отыр. Осындай жаңа нысанның салынуына атсалысқан барша азаматқа алғысым шексіз, — деді Ш.Молдағазинова. Медициналық пункт толығымен жаңа жабдық, жиһазбен қамтылған. Успен аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ренат Ашжановтың айтуынша, ғимараттың құрылысына 130 млн теңге жұмсалған. Мердігер — «Ералаш» корпорациясы нысанды уақытылы аяқтап, қолданысқа беріп отыр.
— Бұл нысанда барлық алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Учаскелік дәрігер, медбике және санитар маман жұмыс істейді. Барлық жабдықтар бар. Физиотерапиялық кабинет қарастырылған. Оған заманауи екі аппарат сатып алынды, — деді Р.Ашжанов.
Биыл ауылдағы медицина қызметкерлерінің қатарын «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша келген жалпы тәжірибе дәрігері толықтырды. Жас маманға мемлекеттік қолдау түрлерін беру үшін тиісті құжаттар тапсырылыпты.
Айта кетейік, Успен ауданында Тимирязевтен бөлек биыл тағы төрт ауылда медициналық пункт ашылады. Олар — Қоңырөзек, Қызылағаш, Қаратай және Ковалевка ауылдары.
Ашылу салтанатынан кейін аудан әкімі Нұрболат Мақашев аймақ басшысы Асайын Байхановқа ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жоспарды таныстырды. Сонымен қатар, Тимирязев ауылында облыс әкімі аудан тұрғындарымен кездесіп, талап-тілегін тыңдады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,
Успен ауданы.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.