Төтенше жағдай департаменті «Vita» және «Қызыл Жарты Ай» іздеу жасағының еріктілерімен бірге өртті азайту, қаза болу және жарақаттану жағдайларының алдын алу мақсатында ерекше шара өткізді. Олар өңіріміздің жер үйлерінде тұратын бүлдіршіндерге төтенше жағдай ережелері көрсетілген QR-коды бар жаңажылдық сыйлықтарды табыс етіп, көңілдерін көтерді.
Іс-шара басында Павлодар облысы ТЖД бастығы Рустамбек Амрин әріптестеріне халыққа қатты отынды қолданатын тұрғын үйлердегі пештердің дұрыс жұмыс істемеу себептерін анықтау және жылыту жүйелерін тиісті деңгейде ұстау міндет екенін еске алып, нұсқау жасады.
Тілсіз жаумен күресті азайту, халықтың зардап шегіп, жарақаттануын болдыртпауды көздеп отырған ТЖД қызметкерлері республикалық өрт қауіпсіздігі айлығы аясында және жаңажылдық мерекелер қарсаңында Аяз ата мен Ақшақар тәрізді ертегі кейіпкерлері кейпінде келіп, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын түсіндірді.
Бірінші кезекте көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, қарт адамдарға ерекше көңіл бөлінді. Аяз ата мен Ақшақар балаларға өрттің алдын алуы сипатталған QR-коды бар сыйлықтар таратып, тақырыптық бояулар табыс етті. Сондай-ақ, жаңа жылдың басты кейіпкері қауіпсіздік шаралары мен пиротехникалық өнімдерді пайдалану ережелерін түсіндірді.
Төтенше жағдайлар департаменті қызметкер-лері бүгінде әлеуметтік осал топтағы отбасылар үйінде 709 көміртегі тотығы датчигі іске қосылып, 98 үйде жылыту пешінің түтін мұржасын тазарту жұмыстары жүргізіліп, 87 үйде пеш алды металл парақтары орнатылғанын айтты.
– Бұл іс-шара өрт қауіпсіздігі айлығы аясында өткізіліп жатыр. Жылыту маусымы басталғаннан бері 32 өрт жағдайы тіркелген. Пешпен жылытуды дұрыс пайдаланбаудың салдарынан жарақаттанып, көз жұмғандар бар. Тұрғындарға қауіпсіздік шараларын түсіндіруге міндеттіміз. Бүгін көпбалалы отбасылар арасында рейд өткізудеміз. Сонымен қатар, жұртшылыққа мереке қарсаңында жарамдық мерзімі өткен, сертификаты жоқ, сапасыз отшашулар мен бенгал шырақтарын сатып алмауын ескертіп отырмыз, –
дейді ТЖД бастығы Рустамбек Амрин.
Биыл жылыту кезеңі барысында Павлодар облысы ТЖД қызметкерлері өрт қауіпсіздігін ескерту мақсатында 76 мың адамды қамтыған 54 мыңнан астам тұрғын үйге барды.
Салтанат ҒАББАС.