Шарбақты ауданында шағын және орта кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда. Қазіргі таңда осы салада жұмыс істейтін бір мыңнан астам субъекті тіркелген.

Аудан әкімі Сержан Иманқұловтың айтуынша, өңірде кәсіппен айналысқысы келетін азаматтарға барынша қолдау көрсетілуде.
— Тұрғындарға «Ауыл аманаты» және жастарға арналған бағдарламалар бойынша 2,5 пайызбен несиелер берілуде. Сонымен қатар, жыл сайын 30 шақты азамат кәсібін бастау үшін қайтарымсыз гранттарға қол жеткізуде. Сөйтіп, табысты еңбек етіп жатқандар баршылық. Мысалы, ауданымызға көшіп келген бір жас отбасы қайтарымсыз гранттың арқасында дәмхананы жалға алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Тіпті, ол осы салада бұрыннан жүрген кәсіпкерлерге бәсекелес болатын деңгейге де жетті, — дейді аудан басшысы. Бұған қарап, қолынан іс келетін еңбекқор адамдарға мүмкіндік те мол екенін түсінуге болады.

Н.ШОДЫР.