«Ертіс» футбол клубы жанданып келеді. Биыл екінші лигада ойнап, оң нәтиже көрсеткен өңіріміздің бас футбол клубы енді келесі жылы бірінші лигада бақ сынайды. Одан кейін Премьер-лигаға шығу міндеті тұр. Әрине, мұндай бағытқа түсу оңай болған жоқ. Естеріңізге сала кетейік, қаржылық қиындықтарға байланысты ел чемпионатынан шығып қалған еді.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың атына футбол ардагерлері мен жанкүйерлері атынан толассыз хат түсті. Атақты клубты жандандыру қажеттілігі айтылды. Содан облыс басшылығы алдымен қалыптасқан қарызды өтеп, одан кейін клубты қайта құрудың қамына кірісті. Арнайы жұмыс тобы құрылып, алдағы жоспарын түзді. Биліктегілер Қазақстан футбол федерациясымен, облыстық футбол федерациясымен бірлесіп, күрмеулі мәселенің шешімін іздестірді. Бұл жұмыстардың нәтижесін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ертіс» футбол клубының директоры Сейітбек Сембаев мәлімдеді. Алдымен, 36 кредитормен, яғни, бұрынғы ойыншылар мен жаттықтырушылармен берешек бойынша келіссөздер жүргізілді. Көбі атақты клубтың қайтадан аяққа тұруы үшін берешегін кешірген. Кейбірі бір бөлігін алудан бас тартқан. Облыс әкімінің араласуымен демеушілер табылып, қарыз көлемі айтарлықтай қысқарды. Одан соң берешекті өтеудің арнайы кестесі түзілген. Бүгінде тек бір ойыншыға ғана қарыз бар. Себебі, келіспеушіліктер туындап, мәселе құқықтық алаңда қарастырылған. Оның қарызы 2025 жылы өтелмек. Сондай-ақ, бас жаттықтырушы болған болгариялық маман Димитар Димитровқа да берешек толық өтелді. Ол қарыздың 30 пайызын кешірген еді. Ол облыс басшылығына клубты жандандырып, жанкүйерлерімен қайта қауыштырғанына алғысын білдіруде.
Осылайша, ауыр жолдан өткен ертістіктер биылғы маусымда екінші лигада тамаша өнер көрсетіп, бірінші лигаға жолдама алды. Қазіргі таңда клубтың бас жаттықтырушысы жоқ. Биыл жетекшілік еткен жаттықтырушы Николай Гавриш өзге командадан ұсыныс алып, екі жақты келісіммен «Ертістен» кетті. Енді бас жаттықтырушы орнына үміткерлер қарастырылуда. Келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Клуб директоры Сейітбек Сембаевтың айтуынша, жаңа маусымда команда қалыптас-тыруды да жергілікті футбол тәрбиеленушілеріне басымдық беріледі. Облыс әкімінің де талабы — сол.
— Павлодарда командаға ойыншы тарту жиындары өтуде. Оған қазір келісімшартпен командадағы футболшылар және футбол орталығы мен облыстық футбол клубының тәрбиеленушілер қатысуда. Жаңа жылдан кейін алғашқы ойын жиындары Павлодарда, кейін Ташкент пен Шымкентте жоспарланған. Жаңа жаттықтырушылық штаб спаррингтер өткізіп, потенциалды ойыншылардың қауқарын байқайды, — деді С.Сембаев.
Сонымен қатар, «Ертіс» футбол клубы құрылымында 2025 жылы футбол орталығы ашылады. Мұнда «Ақсу» футбол мектебі мен «Ертіс» футболдан олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің, үздік және талантты тәрбиеленушілері іріктеліп алынбақ. Кейін оларды «Ертіс» клубының негізгі құрамына тарту көзделген. Осылайша, облыста балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға ден қойылады.
Тағы бір жағымды жаңалық, клубқа бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жеке автобус сыйға берілмек. Техника жуырда жеткізіліп, салтанатты түрде табысталады. «Ертіс» клубы тарихында бұл алғашқы жекеменшік автобусы болмақ. Келесі жылы клубтың 60 жылдық мерейтойы аталады. Айтулы күнге орай «Ертіс» клубының аңыз ойыншыларының қатысуымен бірнеше жолдастық кездесулер ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.