Ұлу жылы баспана кезегін күткен облыс тұрғындары үшін барынша жайлы болды. Олай дейтініміз, қазынадан қаржы бөлініп, 800-ден астам пәтер дәл осы кезектегі азаматтарға үлестірілуде. Бір қуантарлығы, аймақтың үш қаласынан бөлек облыстың он ауданында да көп пәтерлі баспаналар бой көтеріп, қаншама жанның жайлы қонысқа көшуіне жол ашты. Осындай көптен күткен қуаныш Железин ауданында орын алды.

Железин ауданы орталығында баспана кезегінде тұрған 24 отбасы қоныс тойын тойлады. Жаңа пәтерлердің кілттерін облыс әкімі Асайын Байханов салтанатты түрде табыстап, железиндіктердің көптен күткен қуанышты сәтіне ортақтасты.

— Ел Президенті барлық әкімдердің алдына кезекте тұрған қоғамның осал топтарын әлеуметтік баспанамен қамту міндетін қойды. Осы тапсырма аясында Железин ауданының орталығында да 24 пәтерлі баспана бой көтеріп отыр. Облыста биыл жалпы 800 пәтер қолданысқа беріледі. Соның 300-ден астамы аймақтың он ауданында тұрғындарға берілетіні қуантады. Яғни, тек үш қаламен ғана шектелмейміз. Шаңырақтарыңыз шаттыққа, жылулыққа, берекеге толы болсын, — деді Асайын Қуандықұлы.

Сондай-ақ, аймақ басшысы пәтер кілтін жылдар бойы күтіп, шыдамдылық танытқандары үшін тұрғындарға алғысын білдірді.

— Мұнда кейбірі баспанасын 6-7 жыл күткен екен. Бұл аз уақыт емес. Алдағы уақытта көптеп осындай үйлер салып, көп күттірмеуге күш саламыз. Президенттің қолдауымен қаржы бөлінуде. Сондықтан алдағы жылдары аудандарда кемінде дәл бүгінгідей бір үйден салуға тырысамыз. Соның ішінде Железин ауданы да бар, — деді облыс басшысы.

Жаңа жылды жаңа қоныста қарсы алу бақыты бұйырған железиндік жандардың бірі — көпбалалы ана Құралай Баширова. Бес баланың анасы 6 жыл пәтер кезегінде тұрыпты.

— Бүгін бізге үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Қуанышымызда шек жоқ. Бұған дейін Аққайың ауылында туысымыздың үйін паналап келдік. Енді өз баспанамыз бар. Бұл — Жаңа жыл алдында бізге жасалған үлкен сый, — дейді Құралай Серікбайқызы.

Дәл осы көпбалалы ананың шаңырағына аймақ басшысы арнайы кіріп, жайлы қоныс болуын тіледі. Облыс әкімі қуанышқа орай жайылған ақ дастарханнан дәм татып, баспаналы болған отбасыға тоңазытқыш тарту етті. Айта кетейік, екі қабатты үйдегі жайлы да жарық, жылы 24 пәтер кезекте тұрған отбасыларға үлестірілді. Олардың ішінде көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және толық отбасылар бар.

Железин аудандық нақты экономика секторы бөлімінің басшысы Ерғанат Серікбаевтың мәлімдеуінше, жалпы ауданы 1820 шаршы метрлік тұрғын үй құрылысына 376,5 млн теңге жұмсалған. Баспана облигациялық заем есебінен салынған. Пәтерлер кезекте тұрған тұрғындарға жалға беріліп отыр. Баспана орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Әр пәтерге электр плита мен су жылытқыштар берілген. Биыл мамыр айында құрылысы басталып, қарашада толық аяқталыпты. Мұнда бір және үш бөлмелі 6 пәтерден, екі бөлмелі 12 пәтер бар.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда ақтоғайлық ағайын да осындай қоныс тойын тойлап, 24 отбасы «меншік мекендеріне» ие болған еді. Мұндай қуаныш әр аудан орталығында орын алады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,

Железин ауданы.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.