Әмина мен Мирас әлі бастауыш сыныпта оқиды. Бірі — екінші, екіншісі — үшінші сынып оқушысы. Еліміздің кішкентай азаматтары. Бірақ, олар бала болса да үлкеннің ісін жасауға жарап қалған. Жомарттық танытып, көпшілікті сүйсіндірді.
Биыл елімізде су тасқыны орын алып, жер-жерде жаңалықтардан жайсыз хабар тарағанда ағалы-қарындас Мирас пен Әмина да бұл жағдайдан шет қалмауға тырысқан. Ақша жинағыштарын сындырып, біраз уақыт бойғы үнемдеп, жинаған қаржыларына азық-түлік алып, зардап шеккендерге көмекке жіберген. Бұл өтініштерін анасына білдіреді.
— Мирасым — үнемшіл. Күнделікті қажеттіліктеріне берген ақшасын үнемдеп, жинап жүреді. Әмина үнемдемесе де, қолы ашық. Ақша түссе, айналасындағы құрбыларына тәтті алып, таратып жүреді. Балаларымызға әкесі екеуіміз бауырмал, жанашыр болуды үйретіп келеміз. Өзіміз де көп- балалы отбасында өстік. Анамыз тойдан әкелген бір кәмпиттің өзін пышақпен теңдей бөлісетінбіз. Ұл-қызымызға да «өле жегенше, бөле жеңдер» деп отырамыз. Сол тәрбиенің жемісі болар. Ел басына күн туғанда өздері қол ұшын созуға ұмтылды, — дейді жомарт балғындардың анасы Айгүл Нұрғазина.
Ерлан мен Айгүл бүгінде төрт бала тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары Анар да ақшалай көмегін аударыпты. Кенжесі Муслим де аға-әпкелері сияқты мейірімді, қайырымды болып өссе деп тілейді көпбалалы ана.
Әрине, жинақтағы ақша қомақты емес. Бірақ, кішкентай жүректерімен үлкен елдік іске араласа алуларының өзі болашақтарынан үміт күттіретіні сөзсіз. Қайы-рымды, мейірімді бола білген балғындардың жомарттығы көпке үлгі. Үлкендерге де ой салғаны анық. Бұл әдемі әрекеттері билік тарапынан да елеусіз қалмады. Мирас пен Әмина аймақ басшысы Асайын Байхановтың қолынан «Алғыс хат» алды. Қос құлынының қуанышты сәтіне марқайған анасы алдағы уақытта да балаларын барынша елге пайдалы іспен айналысуына бағыттай беруге ниетті.
Жалпы, елдегі, өңірдегі түрлі қиын сәттерде қол ұшын созып, қайырымды іске атсалысқан азаматтар аз емес. Су тасқыны кезінің өзінде бір мыңнан астам адам тікелей барып та, апаттың салдарын жоюға жәрдемдесті. Қаншама жан қаржысын, енді бірі күнделікті қажетті тауарлар жіберіп, ауыртпалықты еңсеруге ел болып көмектесті. Қалталы азаматтар да қарап қалған жоқ. Осылайша, ұлтымыз ұйыса білді, береке-бірлігін танытты. Енді мұндай ауыр күндер Жылан жылы іргемізге жуымасын!
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.