Жоғары білім берудің барлық деңгейлері бойынша 2023 — 2024 оқу жылына арналған білім гранттарын бөлу тізімі жарияланды.
Биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін 88 мың грант бөлінген. Атап айтқанда, бакалавриатқа – 73 мыңға жуық, магистратураға – 13 мыңнан астам, докторантураға 1800-ден астам грант қарастырылып отыр.
Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. «Серпін» жобасы арқылы 4 бағыт бойынша білім алуға болады: педагогика ғылымдары, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады.
Айта кетсек, оқу бітірген соң грантты өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылды. Сонымен қатар, бұрын мамандар өзі оқыған аймақта ғана грантты жұмыспен өтейтін болса, енді 11 аймақта қызмет ете алады.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Биыл халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін де гранттар қарастырылды. Талапкерлер берілген ақпарат негізінде дұрыс таңдау жасайды деп сенемін, — деп атап өтті Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Айта кетейік, біздің өңірде мектеп бітіруші 4024 түлектің 3 474-і тест тапсыруды жоспарлап отыр. Бұл түлектердің жалпы санының 86 пайызын құрады.
Өз тілшіміз.