Әлемде вирустың тағы бір түрі — метапневмовирус таралуда. Індеттің бұл түрі Қазақстанда да тіркелуде. Коронавирустан қорқып қалған жұртшылық бұл жаңалықты естіп, алаңдап отыр.
Күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналған жағдай бойынша Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады. Мониторингке сәйкес эпидемиялық маусымның басында республика бойынша тұмауға қарсы емес вирустарға 8 мыңнан аса үлгі зерттелген. Оның ішінде 22 пайызы оң нәтиже көрсеткен. Оның ішінде парагрипп – 9 пайыз, риновирус – 36 пайыз, бокавирус – 6 пайыз, аденовирус – 12 пайыз, коронавирус – 11 пайыз, метапневмовирус 1,6 пайызға тең болды. Метапневмовирус – бұл көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда, ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық таралуы кезеңінде белсенді айналымда болатын, негізінен ауа-тамшы жолымен берілетін инфекциялардың басқа түрлерімен қатар айналымдағы классикалық вирустардың бірі.
– Қазіргі уақытта Қазақстанда бүкіл әлемдегідей ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі тіркелуде. Ағымдағы эпидемиологиялық маусымда республикада ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі 20 пайызға азайды. Тұмаумен сырқаттанушылық өткен эпидемиологиялық маусым кезеңімен салыстырғанда бұрынғы деңгейде қалды, – деп жазды ведомстводан. Комитет халықты алдын алу шараларын сақтауға және адамдар көп жиналатын жерлерде байланыстарды шектеуге шақырады, бұл әсіресе созылмалы аурулары бар халықтың ең осал топтарына қатысты.
– Аурудан сақтану үшін үй-жайларды үнемі желдетіп отыру, науқас адамдармен байланысын шектеу, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету, тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдар, мектептер) жібермеу аса маңызды. Егер аурудың белгілері пайда болса, уақытылы медициналық көмекке жүгінген абзал, – деп ескертті министрлік.
Қазір аспанасты елінде метапневмовирус тез таралуда. Жергілікті БАҚ аурухана іші науқастарға лық толы екенін жазуда. Әсіресе, 14 жасқа дейінгі балалар ауру түрін тез жұқтыруда. Павлодар облысында эпидемио-логиялық маусымда метапневмовируспен екі адам ауырған. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлмира Құлмағамбетова метопневмовирус — ЖРВИ-дің бір түрі екенін айтады.
— Әлеуметтік желіде Қытай елінде аталған вирус түрі кең таралып жатқаны жазылуда. Бірақ жұртшылыққа бұл жаңа вирус түрі емес екенін жеткізгім келеді. Бұл індет жыл сайын тіркеледі. Жалпы, облыста риновирус, аденовирус, ресвирус, коронавирустың 90 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 2 жағдай метопневмовирусқа тиесілі, — деді Г.Құлмағамбетова.
Гүлмира Төлеутайқызы коронавирус респираторлық вирустың штамы екенін айтады. Індет пандемия кезінде потагенді ауруға айналды. Сондықтан Қытайда өршіп жатқан метапневмовирус биыл қаншалықты қауіпті болары белгісіз. Сондықтан тұрғындардан сақтық шараларын барынша ескеруді сұрайды. Өзекті мәселе төңірегінде апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз пікірін білдірді. Президент қоғамда жаңа инфекция туралы көп айтылып жатқанын тілге тиек етіп, ел тұрғындарын дүрлікпеуге шақырды. Қытаймен ынтымақтастық одан әрі дамитынын жеткізді.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.