Елімізде жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысын ұлғайтуға бағытталған қолдау шаралары жалғасын табуда. Нәтижесінде, қазақстандық университеттер мен институттарда білім алып жатқан жастардың жекелеген санаттарына қаржылай үстемеақы төленбек. Сонымен, бұл көмекті кімдер ала алады?
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараты бойынша жоғары немесе кәсіптік, орта және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алатын жастардың қатарындағы көру, есту қабілеті бұзылған бакалавриат студенттері, магистранттар мен докторанттарға арнайы үстемеақы белгіленген. Мұндай қолдауды сондай-ақ, жаралану, контузия, ауру салдарынан мүгедек болып қалған немесе мертіккен студенттер де алуға құқылы.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған немесе қорғаншылықтағы (қамқоршылықтағы) жетім балалар қатарындағы жастардың да шәкіртақысы 30 пайызға көтерілмек. Яғни, бакалавриат студенттеріне – 68 083 теңге, магистранттарға – 152 227 теңге, интерндерге 123 320 теңге үстемеақы беріледі деп жоспарлануда.
Мемлекеттік шәкіртақыдан басқа, жоғары оқу орнының Ғылыми кеңесінің шешімі бойынша 104 744 теңге мөлшерінде Президенттік шәкіртақы бар. Оған оқуда ерекшеленген студенттер, яғни олимпиадалар, шығармашылық конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары үміткер бола алады. Бұл мүмкіндікті грант иегерлері де, ақылы негізде оқитын студенттер де иелене алады.
Атап өтерлігі, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жоғары оқу орындары мен колледж студенттері үшін стипендия 2 есе, магистранттар мен докторанттар үшін 1,75 есе артады деп күтілуде.
Жалпы, білім алып жатқан қыз-жігіттерге деген мемлекет қолдауы мұнымен ғана шектеліп қалған жоқ. Алдағы уақытта жатақханалардың саны артпақ. Нәтижесінде, студенттер тұратын орын іздеп әуре-сарсаңға түспейтін болады. Жоспар бойынша 2029 жылға дейін жыл сайын жатақханаларда 10 мың орынды пайдалануға беру көзделген.
Бүгінгі таңда құрылыс салушыға мемлекет тарапынан инвестициялық шығыстарды кезең-кезеңімен өтеу және кәсіпкерлік субъектілерінің жатақханаларды салу бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетігі әзірленген.
Нұржайна ШОДЫР.