Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есігімізден енді аттаған 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Биыл еліміз бойынша адал әрі табанды еңбегімен табысқа жетіп отырған адамдарға ерекше құрмет көрсетіліп, олардың жанкешті қызметі кеңінен насихатталатын болады. Осындай мәртебелі мамандықтардың қатарында құрылысшылар да бар.

 

Павлодарлық құрылысшы Жәнібек Жомартов 8 жылдық жұмыс тәжірибесінде облыс орталығында 6 бірдей тұрғын үйді салуға атсалысқан. Әу баста «Жәрдем» құрылыс компаниясына қатардағы шебер ретінде қабылданып, бүгінде құрылыс алаңында учаске басшысы болып жұмыс істеуде. Тәжірибелі маман шаһардағы жаңа шағын ауданда сапалы үйлердің бой көтеруіне атсалысып отырғанын мақтаныш етеді.

— Құрылысшы болуды бала күнімнен армандадым. Торайғыров университетінде құрылыс саласы бойынша білім алып, қолыма дипломды алысымен еңбекке араластым. Алғашқыда «Жәрдем» құрылыс компаниясына шебер болып орналастым. Жарты жылдан кейін құрылыс жұмысын жүргізуші атандым. Қазір 6 жыл көлемінде құрылыс алаңында учаске басшысымын. Яғни, қызметімді кірпіш қалаудан бастап, құрылыс бригадасының қызметін қадағалайтын деңгейге жеттім. Күрделі саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. Жұмысқа орналасқалы Павлодар қаласында 6 үйдің бой көрсетуіне қатысқан екенмін. Туған шаһарды көркейтуге бар күшімді сала беремін, — дейді құрылысшы.

Жәнібек Жомартов қазір Достық шағын ауданында 5-ші тұрғын үйдің құрылысының жоспарлы жүргізілуін қадағалауда. Өзі тікелей қатысқан тағы бір тұрғын үй Павлодардағы авиақалашықта тұрғызылған. Бұдан бөлек, Ақсу қаласында екі пәтерлі үйдің бой көтеруіне де араласқан.

Тәуелсіздіктің төл құрдасы жаңа жылда жұмысшы мамандығын меңгергендердің еңбегі бағала-натынына риза екенін жеткізді. Оның айтуынша, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Сондықтан еңбек адамының мәртебесі қашанда биік болуы тиіс.

— Президентіміз жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі деген сөзімен толық келісемін. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Қоғамда дәрігер, мұғалім әрдайым қастерлі мамандықтардың қатарында. Қарапайым жұмысшылардың еңбегі өз деңгейінде еленбей жататыныны рас. Сондықтан жұмысшыларға ерекше көңіл бөлінетініне ризамыз, — дейді құрылысшы.

Жәнібек Жомартов шаһардағы Достық шағын ауданының көркеюіне бар күшін жұмсап келеді. Қазір осы ауданда 5-ші тұрғын үйдің құрылысын бақылауда. Өткен жылдың күз айында басталған тұрғын үй биыл пайдалануға берілмек. Қазір құрылыс алаңында 60-қа жуық маман еңбек етуде.

— Таңғы сағат 8.00-де жұмысқа келгеннен кейін құрылысшылардың жұмысын толық бақылаймын. Қызметтің жоспарға сәйкес жүргізілуін әрі сапалы орындалуына мән беремін. Қызметіміз жауапты болғандықтан тұрғындардың жаңа әрі жылы үйге кіруіне барымызды салып келеміз. Кейде тұрғындар тарапынан шағым естіп жатамыз. Бірақ өтініштерін жылдам орындауға тырысамыз. Қызметте онсыз болмайды. Бірақ жылдар бойы баспанаға зар болған адамдардың қуаныштан туған көз жасын көргенде жұмысқа деген құлшынысымыз артады. Өмірде мамандығымыз арқылы өзгеге бақыт сыйлап отырғанымыз – біз үшін зор мәртебе дейді құрылысшы.

Иә, құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Бүгінде Отандық құрылыс индуст-риясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары көбейді. Өңіріміз жыл сайын көркейіп, биік үйлер, заманауи ғимараттар көбейіп келеді. Осы нысандардың бәрінде құрылысшылардың қолтаңбасы жатыр. Баспанаға бағытталған әр мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыратын да — осы маман иелері.

Жәнібек Жомартов алдағы уақытта құрылысшылардың мемлекеттік бағдарламаға қатысуына жағдай жасалса деген тілегін айтты. Жекеменшік құрылыс компания қызметкерлері мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмайды екен. Осы мәселеге мән берілсе, құрылысшылар да жаңа баспана иесі атанары сөзсіз.

Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алары сөзсіз. Міне, осы түсінік биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қоғам санасына сіңетіні ақиқат.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.