«Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету — өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауынан.
Жаңа жылдың басында көпшілікті әлеуметтік саладағы өзгерістер, әсіресе зейнетақы жүйесіндегі реформалар мен әлеуметтік төлемдерге қатысты сұрақтар толғандыратыны сөзсіз. Тіпті, бұл мәселелер бойынша редакциямызға хабарласып жататын оқырмандар да баршылық. Осыған орай ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедқызы Мұхамедовамен аз-кем сұхбаттасқан едік.
— Алмагүл Мұхамедқызы, өзіңіз басшылық етіп отырған департаменттің атауы ауысқанын байқадық. Бұдан былай нақты қандай жұмыстармен айналысасыздар? Яғни, негізгі міндеттеріңізге не жатады? Алдымен соған тоқтала кетсеңіз…
— Иә, бұрын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыстағы департаменті болсақ, бүгінде аталмыш министрліктің халықты әлеуметтік қорғау саласындығы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті болып өзгердік.
Қазіргі таңда біздің мекеме халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырумен айналысады. Атап айтқанда, азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік төлемдерді тағайындау туралы шешімдерді қабылдау, мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау және медициналық-әлеуметтік сараптама саласындағы қызмет түрлерімен айналысып, осы бағыттағы заң талаптарының сақталуына бақылау жасайды.
— Демек, департамент зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді тағайындау мәселелері бойынша бірқатар қызмет түрлерін көрсетуде. Сол жөнінде толығырақ айтып берсеңіз…
— Бүгінгі таңда біздің департамент облыс тұрғындарына зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік қызметтердің 17 түрін көрсетеді. Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша аймағымызда 122 371 зейнеткер тіркелген. Биыл 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінің мөлшері ҚР Ұлттық банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5 пайызға, ынтымақты зейнетақы 8,5 пайызға ұлғайды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап 5 жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ең жоғары – 120 пайызға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру ісі жүзеге асуда. Мәселен, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейіне байланысты 65 пайыздан 70 пайызға дейін артты. Ал базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері 105 пайыздан 110 пайызға өсті.
Міне, осы бағытта қолға алынып жатқан жұмыстардың барлығын реттеп, бақылау жасаймыз. Бұдан бөлек, біздің мекеме мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың 41 түрі бойынша қызмет көрсетеді. Олардың қатарында мүгедектігі бар азаматтар, асыраушысынан айырылған отбасылар, басқа да әлеуметтік топтар бар.
— Мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар және басқа да әлеуметтік топтарға жататын азаматтарға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде?
— Әрине, жыл сайын әлеуметтік топтарға деген мемлекеттік қолдау көлемі ұлғайып келеді. Мәселен, қазіргі күні өңірімізде мүгедектігіне байланысты мемлекеттен жәрдемақы алатын 20 489 адам тіркелген. Жалпы, елімізде ерекше қажеттіліктері бар жандардың өмір сүру сапасын арттыру үшін жүйелі іс-шаралар қабылдануда. Айталық, жарымжан жандар үш көзден қаржылай көмек алуға мүмкіндік бар. Яғни, мүгедектігі бойынша мемлекеттен жәрдемақы, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және сақтандыру компанияларының төлемдерін ала алады. Әлеуметтік кодекс аясында мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және осы жылдан бастап мемлекеттік қызметтер көрсетудің сырттай проактивті форматына көшуге басымдық берілген. Сол арқылы қағазбастылықты азайтып, мүгедектік тобын белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсат етілуде. Қазіргі таңда медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жоба іске асуда. Бұдан бөлек, аймақ бойынша асыраушысынан айырылған 8 233 отбасы да мемлекеттік жәрдемақымен қамтылған. Мұндай қаржылай көмектердің көлемі ҚР Бюджет туралы заңына сәйкес жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріне байланысты артып отырады. Мысалы, биыл жәрдемақылардың бұл түрлерінің мөлшері 6,5 пайызға көбейді. Сонымен қатар, балалары бар отбасылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау әрдайым мемлекет назарында. Бүгінгі таңда республикалық бюджеттен балалары бар отбасыларға арналған жәрдемақылардың 5 түрі төленуде. Оның көлемі де ең төменгі күнкөріс деңгейінің және айлық есептік көрсеткіштің ұлғаюына байланысты өскенін атап өткен жөн.
Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерді әлеуметтік тұрғыда қорғау мақсатында жаңа төлем түрі, яғни арнайы кәсіптік жәрдемақы енгізілді. Бүгінгі таңда 1449 павлодарлық азамат жәрдемақының осы түрімен қамтылған.
— Елімізде арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау басталғанын естідік. Бұл жаңашылдықты оқырман қауымға түсіндіріп өтсеңіз…
— 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау шарасы енгізілуде. Мұндағы басты мақсат — қызмет көрсету сапасын жақсартуға жағдай жасау және түрлі заң бұзушылыққа жол бермеу. Сол арқылы әлеуметтік қызмет алушылардың қауіпсіздігі мен құқықтары қорғалатын болады. Себебі, қызмет көрсететін барлық ұйым лицензияланады. Ал лицензия алу үшін санитарлық нормалар, қажетті материалдық-техникалық базаның болуы, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қызметтің қолжетімділігі сынды талаптар қойылады.
Жалпы, бұл мәселе бұған дейін министрлік тарапынан әбден зерттеліп, әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері лицензия алды талдау жүргізген болатын.
— Қазіргі таңда ел арасында ерлер мен әйелдердің зейнет жасы ұзартылатыны жайлы түрлі әңгімелер айтылуда. Бұған қатысты не дейсіз?
— Бүгінгі күні бұрынғыдай ерлер 63 жасқа, әйелдер 61 жасқа толғанда зейнетке шығады. Бірақ бірқатар азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған. Соларға тоқталар болсам, төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз – 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтар «ҚР Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңға сәйкес ерте зейнетке шығуға құқылы. Осы санатқа жататын ерлер 50 жасқа, әйелдер 45 жасқа толғанда зейнетақы төлемдерін ала алады. Ескере кететін жайт, оларға жасына байланысты зейнетақы төлемдері толық емес көлемде есептелуі мүмкін. Себебі, заң бойынша зейнетақы төлемдерiн есептеу тәртібі азаматқа 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде 6 ай еңбек өтілінің болуына байланысты тағайындалады. Сонымен қатар, зейнетке ерте шығу құқығы 5 және одан көп баланы өмірге әкелген немесе асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген аналарға беріледі. Бұл санаттағы көпбалалы аналар 53 жасқа толғанда зейнетке шыға алады. Олардың еңбек өтілін есептеу кезінде бала күтіміне кеткен уақыты ескеріледі.
Қысқасы, әзірге зейнет жасына қатысты өзгерістер орын алған жоқ. Ал болашақта бұл салада жаңа реформалар қабылдануы мүмкін. Оны уақыт көрсетеді.
— Әңгімеңізге рақмет!
Дерек пен дәйек
Бүгінгі таңда облыс бойынша 122 371 зейнеткер бар;
* * *
Өңірде мүгедектігі бар 20 489 адам мемлекеттік жәрдемақы алуда;
* * *
Аймағымызда асыраушысынан айырылған 8 233 отбасы бар;
* * *
Департамент зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру саласына қатысты 17 түрлі, әлеуметтік жәрдемақылар бойынша 41 түрлі қызмет көрсетеді;
Нұржайна ШОДЫР.