Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толмақ. Осыған орай көзі тірі соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 5 млн теңге көлемінде бірреттік материалдық көмек көрсету жоспарлануда.
Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жария етті. Аталмыш ресми органның ақпараты бойынша, қазіргі таңда елімізде 120 соғыс ардагері және жеңіске үлес қосқан 42 545 азамат тұрады. Олардың қатарында 67 қоршаудағы Ленинград тұрғыны, 139 концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқыны, қан майданда ауыр жараланған немесе дерті дендеп, мүгедектік рәсімдегеннен кейін қайтыс болған адамдардың 743 жұбайы, соғыста қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің 2 жесірі және 41 594 тыл еңбеккері бар.
— Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Қарттарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүзеге асырылады. Біріншіден, зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді. Азаматтардың 19 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б.) өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу жүзеге асырылады, — делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған хабарламада.
Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларына зейнетақыларын ескере отырып, ай сайын берілетін әлеуметтік төлемдердің жиынтық мөлшері 262 334 теңгені құрайды. Ал соғыс кезінде жаралану, мертігу немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар адамдар үшін айына 279 330 теңге тағайындалған. Сонымен қатар, басқа да бірқатар әлеуметтік қолдау түрлері көрсетілуде. Мәселен, оларға салық жеңілдіктері, шипажайларға жолдама беру және басқа да қолдаулар қарастырылған.
Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша бүгінде өңірімізде Ұлы Отан соғысына қатысқан 7 ардагер тұрады. Жеңістің 80 жылдығына орай оларға да барынша сый-құрмет көрсетілетін болады.
Н.АҚЫТЕГІ.