Өңірімізде ғылым саласымен кәсіби түрде шұғылданып, ауқымды ғылыми жобаларды жүзеге асырып жүрген нәзік жандылар көп. Солардың бірі — Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасының жетекшісі Бағлан Жапарова. Ол жоғары оқу орнында шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша бірнеше гранттық жобаларға жетекшілік еткен.
Жапарова Бағлан Мағауқызы 1991-1995 жылдар аралығында Павлодар педагогикалық институтында Қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 1995 жылы Павлодар педагогикалық колледжінде оқытушы болып бастаған. 1998-2003 жылдары Екібастұз қаласындағы №18 кәсіби-техникалық мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. 2003-2011 жылдары облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы қызметінде болды.
2011 жылдан бері Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде қызмет етіп келеді. Ең әуелі аға оқытушы, педагогика кафедрасының доценті, «Бастауыш білім беру» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2019 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың қаңтарына дейін «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту» ББ жетекшісі, 2022 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» ББ жетекшісі болып жұмыс істейді. Сондай-ақ, 2010 жылы «Аймақтық мерзімді баспасөз арқылы оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру» тақыры-бында кандидаттық диссертациясын қорғады.
Жоғары білім педагогикасы ғылыммен тығыз байланысты. Сондықтан, оқытушылық қызметінің сыртында бірқатар ғылыми жобалармен айналысып, өз саласына бірқатар жаңашылдық, жаңалық енгізе білді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті қаржыландыратын бірқатар гранттық жобалардың іске асуына атсалысты. 2020 жылы «Карантин жағдайында балалар үйіндегі балалаларды гендерлік әлеуметтендірудің қашықтық моделін әзірлеу және пайдаланудың педагогикалық негіздері» атты гранттық жобаның жетекшісі болды. Бұл жобаның жалпы құны 57 244 456,61 теңге болды. 2024 жылы «Жетім балаларға арналған онлайн психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметін ұйымдастыру және дамыту» атты гранттық жобаның жетекшісі ретінде жұмыс жасады.
— Бұл жобаның ата-ана қамқор-лығынсыз қалған балаларды педагогикалық-психологиялық қолдауда маңызы зор болып табылады. Әсіресе, онлайн сүйемелдеу қызметі моделін қалыптастырудың әдістемесін жасадық. Жобаны жүзеге асыру барысында жетім балаларға қолдау көрсетудің халықаралық тәжірибесін зерделеу және тәжірибеге айналдыру жұмыстары жүргізілді, — деді Бағлан Мағауқызы.
Б.Жапарова 3 оқу құралын және 2 монографиялық еңбек жазды. Одан бөлек, шетелдік ғылыми журналдарда 8 мақаласы, комитет тізіміндегі ғылыми журналдарда 20 мақаласы шықты. Сонымен қатар, шетелдік ғылыми конференция материалдарында 12, Қазақстанда өткізілген халықаралық, республикалық, аймақтық ғылыми конференция материалдары мен ғылыми басылымдарда 80-ге жуық мақала әзірледі. Ол 2024 жылы «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Тілеуберді САХАБА.