Өткен жылдың дерегі бойынша 109 Бірыңғай байланыс орталығының операторлары 107 мыңнан аса өтініш қабылдаған. Бұл — 2023 жылмен салыстырғанда 15,37 пайызға артық. Қабылданған өтініштердің арасында коммуналдық мәселелер көш бастап тұр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде 109 Бірыңғай байланыс орталығының басшысы Абзал Қабдраш хабарлады.
Оның сөзінше, 2024 жылы сумен жабдықтау бойынша 21 860 өтініш тіркелсе, 2023 жылы олардың саны 18 142 болған. Электрмен жабдықтау мәселесіне қатысты өткен жылы 21 208, ал 2023 жылы 13 959 түрлі деңгейдегі арыз-шағымдар қабылданған.
— Қала тұрғындары орталығымызға коммуналдық, кеңес беру және денсаулық сақтау мәселелері бойынша хабарласады. Ал аудан тұрғындары көбінесе қаңғыбас иттерге және жолға қатысты мәселелерімен жүгінеді. Орталыққа келіп түскен барлық өтініш зерделеніп, ары қарай мәселені белгіленген мерзімде шешу үшін мемлекеттік органдарға, коммуналдық қызметтерге жолданады. Одан бөлек, әлеуметтік желілер арқылы тіркелген өтініштердің де саны артуда. Алайда көп өтініш телефон қоңыраулары арқылы тіркеледі. Мәселен, 2024 жылы өтініштердің 87 пайызы 109 қысқа нөмірі арқылы қабылданды. Бұл көрсеткіш 93 880-ді құрайды. Ал 2023 жылы 84 938 өтініш келіп түскен болатын. Қазіргі уақытта біз әлеуметтік желілерде «Ең қызықты сұрақтар» деген айдарды жүргіземіз. Онда әртүрлі сауалдар тіркеледі, — дейді А.Қабдраш.
Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасын орындау мақсатында КӨМЕК-109 жүйесінде бірнеше қызмет пен жаңартулар енгізілген. Енді қала мен аудан әкімдерінің, облыстық басқарма басшыларының рейтингін, өтініштерді өңдеу уақыты және шешімдердің сапасы автоматты түрде есептеледі. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында DAMUMED жүйесімен интеграция жасап, медициналық өтініштерді жедел өңдеу және есепке алу үшін деректерді синхрондау жүргізіледі.
Айта кетейік, 109 Бірыңғай байланыс орталығына келіп түскен өтініштердің 90 пайызы Павлодар қаласына тиесілі болса, ең аз өтініш Май ауданында тіркелген.
Айдана БОРАНБАЕВА.