«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту пирамидаға айналуға тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінгі таңда елімізде бұқаралық спортқа, оның ішінде балалар мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, азаматтардың барлық санаттары үшін дене шынықтыру және спортпен шұғылданудың жалпыға қолжетімділігіне ден қойылып келеді. Жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметі мен «Damu» қорының Павлодар облысы бойынша филиалы ұйымдастырған көшпелі баспасөз туры аясында бұқаралық спорт қозғалысын кеңейтуге, спорттық жетістіктерді ынталандыруға бағытталған бірқатар жобаға куә болдық.
Үлкен теннисте үлкен үміт бар
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортқа қатысты тапсырмасын орындау мақсатында Павлодар қаласында өскелең ұрпақты спортқа баулу, сол арқылы жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорттық инфрақұрылымдарды жаңғырту жұмыстары қарқынды дамып келеді. Жастардың сұранысына ие осындай спорт түрлерінің бірі һәм бірегейі үлкен теннис екені аян.
Бүгінгі таңда Павлодарда үлкен теннисті насихаттау және дамыту, спортшылардың шеберлігін арттыру және жарыс тәжірибесін жетілдіру, сондай-ақ, мықты жас спортшыларды анықтау мақсатында «Энергетик» теннис орталығында клубтық турнирлер мен республикалық жарыстар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Теннис орталығының тәрбиеленушілері республикалық, облыстық және халықаралық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Бұдан бөлек, теннис орталығында ересектер арасында «Әуесқой теннис» түрі де дамып келеді.
Аталмыш теннис орталығында төрт жабық және бір ашық теннис корты бар. Барлық корттар үздік әлемдік өндірушілердің заманауи құрылғыларымен жабдықталып, кәсіби жарыстарды өткізуге арналған «ITF» және «ATP» халықаралық стандарттарына толық сәйкес келеді. Бүгінгі күні орталықта ересектер мен балаларға арналған топтық жаттығулар, жеке теннис сабақтары, республикалық және қалалық турнирлер өткізіп тұрады. Сонымен қатар, «Life Fitnes» спорттық тренажер залы мен шағын футбол алаңы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта теннис орталығында 5 жастан 16 жасқа дейінгі әр түрлі санаттағы 132 бала бұл спорт түрімен айналысады. Топтарды жинақтау тек жас қағидаты бойынша ғана емес, сонымен қатар, қатысушылардың дайындық деңгейін ескере отырып жүргізіледі. Жалпы, теннис орталығы жазғы кезеңде 240 адам қабылдауға қауқарлы.
Айта кетейік, былтырғы жылға дейін «Энергетик» орталығы қаладағы жалғыз теннис корты болатын. 2011 жылы іргетасы қаланған спорт кешенінің 14 жылдан кейін төбесінен су ағып, жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етті. Аталған орталық директорының орынбасары Наталья Щемельдің айтуынша, ғимараттың төбесін жаңарту қажет. Ол үшін орталық басшылығы мемлекеттік субсидия- мен банктен несие алған. Атап айтқанда, орталық «Бірыңғай кешенді бағдарлама» мемлекеттік бағдарламасы аясында, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидия- лау аясында қолдау тапты. Спорт ғимаратының қасбетін және шатырын жөндеу үшін 10 млн теңге көлеміндегі кредиттің 19,5 пайыз мөлшерлемесі болса, оның 10,5 пайызын мемлекеттік субсидиялар қамтиды.
— Үлкен теннис — бұл кәсіпқойлар мен әуесқойлар үшін тамаша спорт түрі. Әсіресе кіші және орта жастағы балалар үшін корттағы сабақтар пайдалы. Олар физикалық тұрғыдан құрдастарына қарағанда тезірек дамиды. Бұл ойынға бүгінгі күні орта есеппен айына екі жүзден астам адам келеді. Спортшылардың орташа жасы бес пен 16 жас аралығында. Мұнда залды топтық немесе жұп ретінде жеті мың теңгеге жалға алуға болады. Барлық залдар халықаралық стандарттарға сай келеді және Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен Павлодарда осы спорт түрі белсенді дамуда. Орталық «Baby tennis» халықаралық бағдарламасына қатысады, — деді директор орынбасары.
Достарға арналған спорт кешен
Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын сезінген заманауи спорт кешенінің тағы бірі – «Dos arena» орталығында қала тұрғындары үлкен теннис, волейбол және футбол ойнай алады. Аталмыш спорт кешені жуырда ашылғандықтан, залды жалға алуға жеңілдіктер бар. Мұнда теннис ойнаудың бір сағаты бес мың теңгені құрайды. Спорт кешенінің директоры Рүстем Сәбенов 2013 жылы «ЮрРеалСтрой» кәсіпорнын құрып, алдымен «Дос» автосервисін ашқан. Бұл мақсатта кәсіпкер «Даму» қорына жүгінген. Кейін аталған қор көмегімен ол теннис кортын құруды қолға алған.
– «Dos arena» спорт кешенінің ғимаратын нөлден бастап салдым. Өзім бұрын спортшы болғандықтан, спорт саласын таңдадым. Орталықты салған адамдар футбол, волейбол және тенниске арналған жабдықтарды бір залға орналастыруға кеңес берді. Осылайша жабық футбол алаңын, сондай-ақ, теннис және волейбол алаңдарын құру арқылы облыстың спорт инфрақұрылымын дамытуға маңызды үлес қостық. Жоба біздің өңірде салауатты өмір салтын насихаттауға және спортты дамытуға ықпал ететініне сенімдіміз. Орталықта бампербол шарлары да бар. Мұнда балалар бампербол ойнап, туған күндерін тойлауға жиі келеді. Үлкендер де қалыс қалмайды. Спорт кешенінің есіктері кез келген уақытта барлығына ашық, – дейді Рүстем Сәбенов.
Кәсіпкер жақын арада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған волейбол, футбол, теннис үйірмелерін ашпақ. Ол үшін жаттықтырушылар іздестірілуде. Сауда және көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету саласындағы жетекші кәсіпкер осылайша спорт саласына да сүбелі үлесін қосуда. Идеяны жүзеге асыру үшін ол мемлекеттік қолдауға жүгініп, «ForteBank» АҚ-нан 40 млн теңге несие алған. Бұл ретте «Даму» қоры пайыздық мөлшерлемені сегізге дейін төмендетуге көмектесіп, 19 миллион теңге кепілдікті сақтап қалды, бұл жобаны жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік берді.
А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.