«Өлеңнің тау тұлғасы — Қадыр ақын»

Ақп 13, 2025

Елімізде есімдері елге танылған танымал тұлғалар жетерлік. Сондай жандардың бірі — балалар ақыны, лирик ақын, белгілі жазушы Қадыр Мырза Әлі.

Дара тұлғаның 90 жылдық мерейтойына орай академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің мамандары жас буынға танымал ақын, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ жырының қадірі атанған сөз зергері Қадыр Мырза Әлінің өмірі мен шығармашылығын таныстыру ісін қолға алды. Осы мақсатта өңірімізде «Өлеңнің тау тұлғасы – Қадыр ақын» атты әдеби кеш өтті.

Тағылымды шараға ауданымыздың зиялы қауым өкілдері мен мәдениет саласының ардагерлері арнайы шақырылып, Ш.Айманов атындағы мектеп ұстаздары және оқушылары қатысты. Баянауыл, Ертіс аудандарының «Құрметті азаматы» Қорабай Шәкіров Қадыр ақынның киелі Баян еліне бірнеше мәрте келген сәті жайлы естеліктерін айтты. Республикалық «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысындағы филиалының төрайымы Жамбы Ипатқызы Қадыр аға жайлы әдемі әңгімелерімен бөлісіп, ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. Ал ҚР Мәдениет қайраткері Серік Мусин, «Баянауыл ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері Үміт Сағымбекова, Баянауылдық өлкетанушы, еңбек ардагері Рамазан Нұрғалиев, Ш.Айманов атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тұрсынай Жакина жоғары буын мен жас буын арасындағы рухани сабақтастықты айшықтайтын тағылымы мол ғибратты ойларын ортаға салды.

Мектеп оқушылары Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Белгілі ақынның өлеңдері көптеген сазгердің әніне арқау болғанын білеміз. Өнердің көшін өрлетіп, өмірлерін әнмен өрнектеп жүрген «Асыл әжелер» ансамблінің мүшелері Ләззат Мукаева, Алмажан Камашева, Бақыт Жангелдинаның орындауында «Асыл әжем», ұстаз Таңат Ахатовтың орындауында «Қазақ осы» әндері шырқалды.

Жалпы, Қадыр ақынның сөзіне жазылған 200-ден астам ән бүгінде халық арасында кеңінен танымал десек, артық болмас. Талант иесін өзге-лерден ерекшелеп тұратын, екінші әнұран деңгейіне көтерілген атақты «Атамекен» әні де әлі күнге дейін әр қазақтың жүрегінде. Әдеби кешіміз осы әдемі ән — «Атамекенмен» қорытындыланды. Сонымен қатар, тақырыпқа сәйкес көрме өткізілді. Онда көрермен назарына Қадыр Мырза Әлінің Баянауылдағы музейге келіп, естелік ретінде қолтаңбаларын жазып қалдырған кітаптары ұсынылды.

Айта кетерлігі, қазақтың маңдайына біткен дара тұлға Қадыр ақын 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысында туған. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдап, еңбек жолын «Балдырған» журналында бастайды.

1962-1965 жылдар аралығында «Жұлдыз» журналында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жылдары «Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарды. Кейін «Балауса» баспасының директоры, екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Оның «Көктем», «Данышпан», «Ой орманы», «Дала дидары», «Бұлбұл бағы», «Ақ отау», «Күміс қоңырау», «Домбыра», «Кеш», «Жерұйық», «Қорамсақ», «Көкпар», «Қызыл кітап», «Алақан», «Саз сиқыры», «Күндер-ай» және басқа да қырықтан аса кітабы, таңдамалы шығармаларының бес томдығы, 2001 жылы он бес томдығы жарық көрген. Әсіресе, балалар поэзиясына көбірек қалам тартқан ақын жас ұрпаққа өшпес мұра қалдырып кетті.

Г.БАЛАБАЕВА, академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің әдіскері.