Біздің Роман — чемпион!

Ақп 13, 2025
sportnews.kz сайтынан алынды

Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында павлодарлық спортшы Роман Иванов пен Шерзод Хаширбаев фристайл-акробатикадан үздік нәтиже көрсетіп, алтын медаль еншіледі. Бұл — спорттың осы түрі бойынша еліміз иеленген алғашқы алтын!

Бұған дейін ел қоржынына фристайл-акробатикадан алтын медаль түскен емес. Қазақстанға тарихи жеңісті павлодарлық Роман Иванов пен шымкенттік Шерзод Хаширбаев сыйлады. Олар ерлер арасындағы синхронды секіру жарысында алдына жан салмады. Қазақстандық спортшылар 97,92 ұпай жинап, жарыстың жеңімпазы атанды. Сөйтіп, алғаш рет алтын медаль еншілеп, Азия ойындарындағы рекордты жаңартты. Бұған дейін фристайл-акробатикадан өтетін бұл сында спортшылар осындай жоғары ұпай жинаған емес.

Қытайлық спортшылардың бір жұбы 93,48 ұпаймен екінші орынды иеленсе, жарыс қожа-йындарынан құралған тағы бір жұп 91,57 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді. Ал қазақстандық спортшылар — Асан Асылхан мен Дінмұхаммед Райымқұлов 83,96 ұпаймен төртінші орын алды.

Жалпы, біздің облыстан Харбин қаласына барлығы 6 спортшы аттанған болатын. Олардың қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, биатлоншы Дарья Климина, спорт шебері, конькимен жүгіруші Арина Ильященко, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, шаңғымен жарысқа түсетін Дарья Ряжко, фристайл-акробатикадан сынға түсетін халықаралық дәрежедегі спорт шебері Роман Иванов, сонымен қатар, «Ертіс» хоккей клубының ойыншылары – қақпашы Максим Павленко мен қорғаушы Данил Бутенко бар. Әзірше тек Роман Иванов ел қоржынына медаль салды. Арина Ильященко 1000 метр қашықтыққа жүгіруден 16-орынға тұрақтады.

12 ақпандағы жағдай бойынша, Қазақстан ұлттық құрамасы қысқы Азия ойындарында үш алтын, жеті күміс және бес қола медаль еншіледі. Біздің спортшылар осы медальдар жиынтығымен турнирлік кестеде Қытай, Оңтүстік Корея мен Жапониядан кейін әзірше төртінші орында тұр. Құрлықтың басты бәсекесі ертеңге дейін жалғасады.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

sportnews.kz сайтынан алынды