Лудомания — жас талғамайтын психикалық індет. Мамандар жедел қарқынмен жайылып бара жатқан кеселге осылай деп баға береді. Қазіргі күнде құмар ойындарға әуестік әлемде кеңінен қанат жайған. Сондықтан да, мемлекет тарапынан бұл мәселеге жіті назар аударылып, онымен күресу қарқын алды.
Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ринат Арғынбеков 2024 жылғы 8 шілдеде Мемлекет басшысы заңнамалық актілерге бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлім етті. Осыған сәйкес, ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» елеулі өзгерістерге ұшырады.
— Бұл түзетулер заңсыз құмар ойындарға қарсы күресті күшейтуге бағытталған, өйткені олар экономика мен қоғамға айтарлықтай зиян келтіреді. Негізгі өзгерістерге жауапкершілікті күшейту, айыппұлдар мен бас бостандығынан айыру мерзімінің ұлғаюы, түскен табыстарды тәркілеу қарастырылған. Мәселен, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін айыппұлдар 2 есеге артты. Ал заңсыз ұйымдасқан топтарға қатысқаны үшін ең жоғары жаза мерзімі 4 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтылды. Бұдан бөлек, қаржы ағындарын бақылау күшейтілді, енді банктер мен қаржы ұйымдары құмар ойын бизнесіне қатысты күдікті транзакциялар туралы ақпарат беруге міндетті. Сондай-ақ, құмар ойындарға қолжетімділікті қамтамасыз ететін интернет-ресурстарды жедел бұғаттау тетіктері енгізілді. Бұрын заңсыз бизнесті ұйымдастырушылар заңнамадағы олқылықтарды, мысалы, онлайн ойындардың нақты реттелмеуін пайдаланып, жауапкершіліктен құтылып кететін. Жаңа түзетулер бұл олқылықтарды жойып, құмар ойын қызметінің барлық аспектілерін бақылауды күшейтті, — деді ол.
Сонымен қатар, Ринат Арғынбеков Мемлекет басшысы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және «Құқық қорғау қызметі туралы» заңдарға толықтырулар енгізгенін атап, осыған байланысты жауапты мемлекеттік лауазымдағы адамдарға және оларға теңестірілген тұлғаларға құмар ойындарға қатысуға шектеу қойылғанын жеткізді.
— Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары да құмар ойындарға қатыса алмайды. Аталған шектеуді бұзғаны үшін тәртіптік жаза ретінде «қызметтен босату» қарастырылған. Өткен жылы республика бойынша құмар ойын бизнесіне қарсы күрес аясында заңсыз құмар ойындардың 73 фактісі анықталды, 75 заңсыз мекеме, покер үстелдері мен терминалдар жойылды. Сондай-ақ, алдын алу шарасы аясында 11 700 сайт пен аккаунт бұғатталды, 85 әкімшілік хаттама толтырылды, 19 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Тәркіленген ақшалай қаражаттың жалпы сомасы 276 миллион теңгеден асты, — деп толықтырды ол.
Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.