1-5 ақпан аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында алтыншы мәрте халықаралық «The UAE SWAT Challenge 2025» тактикалық жарысы өтті. Оған жерлесіміз Ризагүл Андасова қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ел мерейін асқақтатқан жерлесіміз жуырда елге оралды.
Ризагүлді облыстық полиция департаментінде әріптестері мен туыстары зор қуанышпен, құшақ-құшақ гүл шоқтарымен күтіп алды.
Аталмыш халықаралық жарысқа 80 елдің құқық қорғау органынан 100-ге жуық мықты арнайы жасақ қатысты. Ризагүл Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Томирис» әйелдер командасының құрамында болды. Ол күрделі бәсекеге қарамастан, әйелдер тобы арасында 2-нші орынды иеленді.
Отыз бір жастағы Ризагүл Саниярқызы — полиция аға лейтенанты, жедел әрекет етуші арнайы жасағының инспекторы. Ішкі істер органдарында 7 жылдан астам қызмет атқарған ол джиу-джитсудан спорт шеберлігіне кандидат, сондай-ақ бірнеше спорт пәндерінің жүлдегері және чемпионы. Оның активінде Павлодардың жедел әрекет етуші арнайы жасағының ең дәл атқыштар атағы да бар.
— Жарысқа еліміздің іріктеу кезеңінен сүрін-бей өткен жедел әрекет етуші арнайы жасағының 9 қызмет-кері қатысты. Қатыспас бұрын Астана қала-сында 2 ай бойы тыңғылықты дайындалдық. Ал Дубай қала-сындағы жарыс жоғары деңгейде өтті. Осы уақыт аралығында қолдау көрсеткен ата-анама және жан жарыма алғыс. Жалпы, жұмысым өзіме ұнайды. Бұл саланы таңдауыма бала кезден спортпен шұғылдануым себеп болды. Жұмыс қиын, күш пен батылдықты қажет етеді. Бірақ мұндай батылдық бекер талап етілмейтінін, бір жанға керек екеніңді түсінгенде, жұмыстың қиындығын елемейсің, — дейді ол.
Облыстық полиция басқармасының арнайы жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Ерік Төлегенов Ризагүлдің қызметке келген бетте бірден өзін жан-жақты көрсете алғандығын айтады.
— Полиция департаментінде арнайы жедел әрекет ету жасағы бар. Онда нәзік жандылар да қызмет етеді. Олардың арасында аға лейтенант Ризагүл Андасова да бар.
Ол біз өткізген спорттық іс-шараларда жақсы нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып жүр. Жарыстың іріктеу барысында өзін атыс және дене дайындығы бойынша нормативтерді үздік тапсырды. Сөйтіп, Дубайда өткен жарысқа жолдама алды, — деді Е.Төлегенов.
Бір қызығы, Ризагүлдің жолдасы Расим Лукманов та — құзырлы органның өкілі. Екеуі қызмет барысында танысып, бүгінде бақытты жанұялардың бірі.
— Жұбайым өзіммен қатар полицияда қызмет етеді. Оның бұл қызметте жұмыс істегенін қолдаймын. Ол да, мен де — салмақты адамдармыз. Бос уақытымызды бір-бірімізге арнаймыз. Қанша жыл өтсе де жұмыс бабына байланысты арамызда кикілжің болған емес. Бір-бірімізге сенеміз, себебі таныстарымыз да, жұмыс істейтін ортамыз да – бір. Әр отбасында екі жұптың бір-біріне деген сенімі мен қолдауы қаншалықты мықты болса, қоғамның діңгегі де соншалық берік болады. Себебі, тәрбие де, береке де отбасынан басталады, — дейді Р.Лукманов.
Ерлі-зайыпты полицей қызметі отбасы бақытына кедергі келтірмейтініне сенімді. Расим де, Ризагүл де осы мамандықты таңдағандарына ешқашан өкінген емес.
Айдана БОРАНБАЕВА.