Павлодарлық футболшылар чемпион атанды!
Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы — Абу-Даби қаласында 10 жасқа дейінгі ұлдар арасында футболдан халықаралық турнир өтті. Теңбіл доп бәсекесіне 22 елден жиналған үздіктермен бірге жерлестеріміз де бақ сынады. Жасыл алаңда шеберліктерін таныта білген өрендер жарыс жеңімпазы атанып, арнайы кубокқа ие болды.
Ел тарихында алғаш рет павлодарлық аяқ доп шеберлері жоғары деңгейдегі халықаралық жарыста топ жарды. Бұған дейін отандық футболда мұндай жетістік болған емес. Жергілікті «RB Arman» командасының 10 жасар футболшылары әлемнің 22 елінен жиналған 36 команда ойыншыларынан мықты екенін дәлелдеді. Анау-мынау емес, әлемдік футболда атағы аспандап тұрған әйгілі футбол клубтарының тәрбиеленушілерінен басым түсті. Айталық, біздің өрендер топтық кезеңде атақты «Ювентус» командасын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Әйгілі италиялық команданы есімі футбол әлеміне етене таныс білікті маман, даңқты спортшы Андрес Иньестаның өзі жасыл алаңға алып шыққан болатын. Бірақ біздің балалар италиялық клубтың да, оның жетекшісінің де атағынан сескенген жоқ. Небары екі жыл бұрын ашылған павлодарлық клубтың аяқдопшылары алаңда кім мықты екенін көрсетті. Ал финалдық бәсекеде аузын айға білегін, әлемдік аренадағы тағы бір мықты команда — англиялық «Манчестер Сити» ойыншыларынан айласын асырып, чемпион атанды. Англиялық клубтың өзі ресми парақшасында «Қазақстан нағыз зымырынды әкеліпті!» деген жазба қалдырды. Енді павлодарлық клубтың атауы Абу-Даби стадионында халықаралық жарыс жеңімпазы ретінде ұзақ жазылып тұрады.
Аймақ басшысы Асайын Байханов осындай жоғары жетістікке жеткен балғындарды құттықтап, әлеуметтік желі арқылы ізгі тілегін білдірді.
— Абу-Дабиде халықаралық кубок жеңіп алған жас футболшы балаларымыздың жетістігіне өте қуаныштымын және мақтан тұтамын. Павлодарлық «RB Arman» командасының 10 жасар футболшылары әлемнің 22 елінен 36 команда қатысқан турнирде топ жарып, «Abu Dhabi Cup» кубогының иегерлері атанды. Олар «Манчестер Сити» және «Ювентус» сияқты клубтардан басым түсті. Көпшілігі Ертіс балалар орталығында жаттығатын жас футболшыларды жарқын жеңістерімен құттықтаймын! Жаңа жетістіктер мен сәттілік тілеймін! Қазақстандық футболдың болашағы ойынға ғашық және туған елінің туын биікке көтеруді армандайтын осындай жас өрендеріміздің қолында деп ойлаймын, — деп жылы лебізін жеткізді аймақ басшысы.
Көк туымызды көкке көтерген балғындарды Астана әуежайынан ата-аналары, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері сән-салтанатпен күтіп алды.
«RB Arman» клубының жаттықтырушысы, жеңіске жеткен команда жетекшісі Мұратхан Зейнуллин балалар топ жарып, жүлделі болуы үшін барын салғанын атап өтті.
— Біздің балалар қазақстандық футболдың күшін, мінезін, жеңіске деген құштарлығын көрсетті. Бұл – кубок қана емес, өзіңе деген сенімділіктің, төккен тер мен еңбектің, бастысы, футболға деген ынтаның жемісі. Павлодардың, еліміздің абыройын лайықты деңгейде қорғай білгенімізге қуаныштымыз. Жеңістен соң басқа мемлекеттен келген клуб өкілдері құттықтап, павлодарлық жеткіншектердің шеберлігін жоғары бағалап жатты. Біз үшін бұл – зор жетістік. Бірақ мұнымен тоқтап, тоқмейілсуге болмайды. Алдағы уақытта Еуропада өтетін осындай халықаралық жарыстарда да топ жарып, сол жақтың мамандарының назарын аудартсақ дейміз, — дейді команда жетекшісі.
Айтулы жеңістен соң «RB Arman» клубының ойыншылары Манчестер қаласында өтетін оқу-жаттығу жиынына, Әзербайжандағы жарысқа шақырту алды. Бұл сайыстарда да үздік атану үшін жергілікті спортшылар тыңғылықты дайындықты уақыт оздырмай бастауды жоспарлап отыр.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.