Волейболдан ерлер командалары арасындағы ел чемпионатының төртінші туры Павлодар қаласында өтіп жатыр. «Баянтау» спорт кешеніндегі тартысты кездесулердің нәтижесінде топтардың плей-офф кезеңі алдындағы орындары белгілі болмақ.
Сондықтан бұл жолы облыс орталығында өтіп жатқан турдың орны бөлек. Мұнда турнирлік кестеде көш бастап тұрған Оралдың «Жайық», Ақтөбе облысының «Ақтөбе», талдықорғандық «Жетісу» клубтары және жолдаманы сарапқа салатын басқа да командалар жиналды. Ал жергілікті «Pavlodar» ойыншылары төртінші тур алдында турнирлік кестеде 34 ұпаймен бесінші орында тұрды.
Клуб директоры Виктор Мамашевтің айтуынша, өз алаңымызда өтетін әр ойын маңызды. Әрқайсысынан ұпай еншілеуіміз тиіс. Сол кезде чемпионаттың жүлделеріне таласатын оңтайлы мүмкіндік туады.
— Біздің басты мақсат – жүлдегерлер қатарынан көріну. Әрине, барлығы наурызда өтетін плей-офф кезеңінде шешіледі. Десе де, оған дейін бұл кезеңге жоғары нәтижемен жетудің жолын қарастыруымыз қажет. Ол үшін ұпайды қоржынға салу керек, — дейді клуб басшысы.
Шынымен, алғашқы ойыннан-ақ біздің волейболшылар жеңіске деген ерекше құлшынысты көрсете білді. Сергей Грибов шәкірттері бірінші кездесуді бұрынғы қарсыласы – «Тараз» командасына қарсы өткізді. Бұған дейін бірде меймандар, бірде жергілікті ойыншылар жеңіске жетіп жүрген-ді. Бұл күні басымдық қай команданың жағында болатынын көпшілік тағатсыздана күтті. Тартысты басталған кездесудің бірінші сетінде жамбылдықтар сәл басым түсті. Павлодарлық Виктор Сысоев алаң шетіне. Екінші кезеңде біздің волейболшылар есесін қайтарды. Павлодарлық ойыншылар 25:19 есебін тіркеді. Үшінші кезеңде таразы басы шатқаяқтап тұрған шақта біздің спортшылар соққан доп блокқа тиіп, жерге түсті. Төртінші кезеңде екінші сеттегі есеп қайталанып, біздің ойыншылар 25:19 есебімен алға шықты. Қорытынды есеп – 3:1. Осылайша, павлодарлық жігіттер тараздық спортшылардан айласын асырды.
«Pavlodar» төртінші турдың екінші кездесуін «Жетісуға» қарсы өткізді. Сергей Грибов шәкірттері Талдықорғаннан келген командамен де тең түсіп отырды. Ойын «тағдыры» тек тай-брейкте шешілді. Біздің жігіттер 3:2 есебімен жеңіске жетті. Ал кеше кешкісін павлодарлық ойыншылар чемпионаттың көшбасшысы — Оралдың «Жайық» командасымен шеберлік байқасты.
Айта кетейік, Павлодардағы төртінші тур ойындары 23 ақпанға дейін жалғасады. Біздің команданың қатысуымен өтетін кездесулердің барлығы «Баянтау» спорт кешенінде 18.30-да басталады. Сонымен қатар, ойындар «Qazsport» телеарнасынан көрсетіледі.
Сурет «Pavlodar» командасынан алынды.