Аймағымызда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіндегі статистика жаға ұстатады. Өткен жылы отбасындағы жанжал фактілері 63 пайызға артқан. Ер азаматтардың әйелдеріне қол жұмсауына ішімдік пен қызғаныш себеп болған.
Қоғамдық кеңес отырысында қаралған екінші мәселе – осы. Облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Қуаныш Мұстафинов өз баяндамасында 2023 жылы 88 тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелгенін айтты. Былтыр бұл көрсеткіш 144 оқиғаны құраған. Оның ішінде 58 факті жұмыссыз жүрген ер адамдар тарапынан орын алса, 71 құқықбұзушылық ішімдік салдарынан жасалған.
— Отбасында жанжал шығарып, үй ішінің берекесін алатын азаматтарды жұмысқа орналастыруда учаскелік инспекторлар түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Өкінішке қарай, ұсынған жұмысқа бәрі келісе бермейді. 80-90 мың теңге айлықты аздық етеді
Өткен жылы 1012 адамға ішімдік ішуге тыйым салынып, 406 азамат наркологиялық диспансерге мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілді. 4247 қорғау нұсқамасы тіркелді. Отбасындағы ұрыс-керіс үшін 5177 адам әкімшілік жауапқа тартылды. 357 жеке кәсіпкер ішімдікті заңсыз сатқаны үшін жазаланды. Ішімдіктен айықтыру орталықтарында 17 мыңнан астам адам емделді, — деді Қ.Мұстафинов.
Жергілікті полиция қызметінің басшысы былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша түскен қоңыраудың саны 30 пайызға азайғанын айтты. Екінші мәрте хабарласатындардың да үлесі 60 пайызға кеміген.
— Полиция қызметкерлері ішімдікке қатты салынған адамдарды денсаулық сақтау мекемелеріне жеткізеді. Ал сараптама алудан бастап сотқа жолданатын құжатты рәсімдеу ісі денсаулық сақтау басқармасына жүктелген. Бірақ емдеу мекемесіндегі наркологтар учаскелік инспекторлардан толық құжат тізімін жинауын талап етеді. Мамандар осы күнге дейін ішімдікке салынған адамды уақытша айықтырғыш, наркологиялық орталықтарға жатқызуы үшін сараптама, анықтамалар мен жолдамаларды өздері жинап келеді. Бұл мәселе талай отырыстарда көтерілді. Бірақ басқарма тарапынан жауап болмады, — деді Қ.Мұстафинов.
Бұдан бөлек, емделу мекемесіне жатқызу үшін материалдар 20-40 күн аралығында қаралады. Бұл жағдай ішімдікке салынған адамның туысқандары тарапынан шағымның көп түсуіне әрі полиция мәртебесін төмендетуге әкелуде.
Өткен жылы маусым айында тұрмыстық зорлық-зомбылық бағытындағы қылмыстарды азайту мақсатында заң қатаңдаған болатын. Бұған дейін әкімшілік құқықбұзушылыққа жатқызылған істер қылмыстық бапқа көшірілді. Заң күшіне енгізілгелі 403 құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 237 жеңіл дене жарақаты, 166 ұрып-соғу фактілері бар. Былтыр үйінен безген 1711 әйел дағдарыс орталығынан көмек сұраған. Оның ішінде 497 азаматша орталықты паналады.
Қоғамдық кеңес мүшелері отбасылық жанжал кезінде полициядан көмек сұрай алмаған, күйеуінің қабағынан қорқатын әйелдерді туысқандары мен көршілері қорғауы тиіс екенін айтты. Қатты жанжал орын алған кезде полицияға хабар бермегендер жазаға тартылуы керек. Ауыр дене жарақатын алған келіншектер телефонға жүгіре алмауы мүмкін. Бұдан бөлек, мұндай отбасында өмір сүріп жатқан балалардың жағдайы да бақылауда болуы тиіс. Үй ішін үрей жайлаған сәтте бала да қайғылы жағдайға ұшырауы мүмкін. Бұл мәселені шешуде құқық қорғау органдары мен білім беру басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы да бірлесіп әрекет еткені дұрыс.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.