Алиментті пәтерімен өтеді

Ақп 20, 2025

Жыл басынан бері балаға деген берешегінен қашып жүрген 53 әке жаза арқалаған. Облыстық Әділет департаментінің басшысы Маржан Имятова қазіргі уақытта алиментті өндіру бойынша 16 мың 604 құжат тіркелгенін айтады. 4 мыңға жуық ер адам берешекті өздігінен төлеп жүр.

— Мойнында 3 ай көлемінде алимент бойынша қарыз жиналған адамдардың екі қолға бір күрек табуы үшін жұмыспен қамту орталығы  мен сот орындаушылар бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырады. Берешекті өндіру жұмыстарымен айналысатын сот орындаушыларының арнайы тобы бар. Биыл 53 ер адам әкімшілік, 3 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бір әкенің балаларына қарызы 6,5 млн теңгеге жуықтаған. Одан бұл сома пәтері арқылы өндірілді. Яғни, жиналған қарызды баспанасымен өтеді, — дейді Маржан Имятова.

Павлодар облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы Дәурен Исабеков өткен жылы 300-ге жуық борышкер жұмысқа орналасқанын, олардың еңбекақысынан ай сайын ақша өндірілетінін айтты. Оның сөзіне сүйенсек, заңда кәмелет жасына толмаған балаларға төленетін алимент өндіру тәртібі бекітілген. Ортақ некеден бір бала болса, оған әкесінің  жалақысының 1/4 бөлігі, екінші балаға 1/3 бөлігі беріледі. Үш немесе одан да көп балаларға борышкерлердің басқа кірістерден түсетін табысының жартысы беріледі. Егер борышкер жұмыс істемесе, жұмысқа орналаспаса, қызмет орны белгіленбесе, сот орындаушысына қажетті құжатты ұсынбаса қарыз орташа айлық жалақы көлемінде есептеледі.

Жыл басынан бері жұмысы жоқ 142 борышкерді еңбекпен қамту бойынша жауапты мекемелерге тапсырма берілген. Қазіргі уақытта оның 14-і екі қолға бір күрек тапқан.

Айдана ҚУАНЫШЕВА