Павлодар химия-механикалық колледжінде заманауи зертхана ашылды. Бұдан былай, бұл оқу орнының студенттері жаңа құрғату шкафтары, центрифуга, колба қыздырғыштары мен рефрактометр сынды бағалы құрылғылармен жұмыс істейтін болады.
Мамандардың айтуынша, аталмыш колледжде білім алатын болашақ химиктер отын және глиноземмен тәжірибе жасап, ерітінділердің концентрациясы мен заттардың оптикалық тығыздығын анықтай алады.
— 2025 жыл Жұмысшы мамандық-тарының жылы деп жарияланды. Сол үшін осы бағытта білім алатын жастарға барлық жағдай жасалуы тиіс. Біз механик, электрик, техниктерге ерекше үміт артамыз. Олардың сапалы білім алуына айрықша көңіл бөлінеді. Студенттердің біздің өндірістегі заманауи құрылғыларды қолданғаны өте маңызды. Сол арқылы олар колледж бен университетті тәмамдағаннан кейін бірден жұмысқа кірісе алады. Яғни, заманауи құрылғылар болашақ химиктердің білікті маман атануына үлкен әсерін тигізеді, — дейді «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-нің директоры Джейми Энтони Каратти.
Ерекше атап өтерлігі, бұл компания колледж студенттеріне үнемі гранттар бөліп келеді. Бүгінгі таңда Павлодар химия-механикалық колледжінде бес студент «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-нің гранты бойынша білім алуда екен. Солардың бірі 1-курс студенті Самал Темірова:
— Мен осы саланы таңдап, грант иегері атанғаныма қуаныштымын. Оқушы кезімде химия пәніне қатты қызығатынмын. Сондықтан да болар, осы мамандыққа назарым ауды. Болашақта сұранысқа ие, табысты химик маманы болғым келеді. Біздің заман талабына сай сапалы білім алуымыз үшін колледжде жаңа зертхананың ашылуы үлкен қолдау, зор жетістік болды деп білемін. Енді осында түрлі тәжірибе жұмыстарын жасап, білімімізді ары қарай шыңдай береміз, — дейді.
Атап өтерлігі, жаңа зертхананы ашуға демеуші компания есебінен 52 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған.
Н.АҚЫТЕГІ.