Жүлдеге – марапат!

Ақп 27, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Ақпан айы жергілікті спортшылар үшін сәтті өрілді. Біздің саңлақтар Қытайдың Харбин қаласында өткен қысқы Азия ойындарында жеңіске жетіп, жүлдегер атанды. Сол сияқты әскери қызметші де Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында ұйымдастырылған халықаралық жарыста үздіктер сапынан көрінді.

Еліміздің көк байрағын көкке көтерген павлодарлық мықтыларды облыс әкімі Асайын Байханов құттықтады. Айта кетейік, қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, 4 алтын,
9 күміс және 7 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтады. Бұл жетістікке жетуде павлодарлық спортшылар — Роман Иванов пен Дарья Климина да өз үлестерін қосты. Роман Иванов фристайл-акробитадан чемпион атанып, алтын медаль иеленсе, Дарья Климина биатлоннан қола жүлде еншіледі.

— Сіздер — Павлодар облысының және еліміздің мақтанышысыздар! Осындай жетістіктер арқылы өскелең ұрпаққа үлгі көрсетіп, жастарға өнеге көрсете білдіңіздер. Сіздердің жеңістеріңіз — еңбек пен табандылықтың, жоғары спорттық дайындықтың нәтижесі, — деп атап өтті Асайын Байханов.

Облыс әкімі жаттықтырушылар Николай Выдрин мен Геннадий Намерековке де жеке алғыс айтты. Аймақ тұрғындары атынан спорттың дамуына қосқан үлестері үшін ризашылығын білдіріп, мықты денсаулық, жоғары жетістіктер және Италиядағы Олимпиада ойындарында жеңіс пен сәттілік тіледі.

Жалпы, ақпан айы халықаралық деңгейдегі жеңістермен қуантты. Қазақстанның арнайы мақсаттағы жасағы Дубайда әлемнің 80 елінен 100-ден астам мықты команда бақ сынаған SWAT Challenge халықаралық жарысында көш бастады. Бұл жарыстарда жеңімпаз атанған ел командасын Мемлекет басшысы қабылдап, құттықтаған болатын. Олардың қатарында Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінің офицер-лейтенанты Ислам Зайнуллин де бар.

Осындай жетістіктерімен қуантқан спортшылармен кездесу барысында аймақ басшысы Асайын Байханов Азия ойындарының жеңімпаздарына Алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыстады. Өз кезегінде спортшылар назардан тыс қалдырмай, жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, алдағы уақытта жерлестерді жаңа жетістіктермен қуантатынын айтты.

Айта кетейік, биыл өңірдегі спортқа деген қолдауды одан әрі арттыру үшін спорттық бағыттар мен қызмет тәсілдері өзгертіледі. Бұл жетістіктердің еселене түсуіне оң әсерін тигізеді деген үміттеміз.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.