«ҚазАгроҚаржы» АҚ 20 ақпанда ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің үш жеңілдікті бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдауды бастады. Осы мақсаттарға барлығы жылдық 6 пайыз мөлшерлеме бойынша 10,5 млрд теңге бөлінді.
Қаржыландыру «Өз жемшөбіміз», «Қазақстанда жасалған» және «Жеңілдікті лизинг 6 пайыз» бағдарламалары бойынша жүргізіледі. Оның ішінде «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы бойынша аграрийлер аспалы, тіркемелі және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын, сондай-ақ, отандық өндіріс және құрастыру көлік құралдарын 10 жылға дейінгі мерзімге жылдық 6 пайыз мөлшерлемемен сатып ала алады. Аванс лизинг нысанасының құнының 15 пайызын құрайды. Ал, «Өз жемшөбіміз» бағдарламасы қазақстандық және шетелдік өндірістің жемшөп дайындау техникасы мен жылжымалы суару жүйелерін қаржыландыруға бағытталған. Мұнда да мөлшерлеме 10 жылға дейінгі мерзімге жылдық 6 пайыз, аванс кемінде 15 пайызды құрайды. «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасы фермерлерге 6 пайыз мөлшерлеме бойынша 10 жылға дейінгі мерзімге аванссыз отандық өндірістің/құрастырудың өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікті шарттармен сатып алуға мүмкіндік береді.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.