Арнайы жасақтың міндеті де — ерекше

Ақп 27, 2025

Полиция қызметкерлері туралы сөз қозғағанда Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері бірден еске түседі. Қимылы шапшаң, соққысы жойқын, ісі тыңғылықты, көздегенін қалт жібермейтін сұр мергендер ғана жиналған арнайы жасақта қызмет ету — әрбір азамат үшін абырой. Алайда бұл сапта бой көрсетуге ниет білдірушілерге қойылатын талап қатаң. Кез келгеннің аталмыш жасақта қызмет етуге қауқары жете бермейді. Сол себепті мұнда тек кіл мықтылар іріктелген.

Бұрнағы күні журналистер құқық қорғау органдарының ең жабық және кәсіби деңгейі жоғары топтарының бірі – Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жұмысымен танысып қайтты. Кездесу барысында арнайы бөлімнің взвод командирі, полиция подполковнигі Әзиз Нұрғалиев аталмыш жасақ офицерлері тәуліктің кез келген уақытында кезекшілікке шығатынын айтып, күн-түн демей дабыл бойынша сапқа тұратынын атап өтті. Айтуынша, еліміздегі кең ауқымды мәдени, спорттық іс-шаралар арнайы жасақ қызметкерлерінсіз өтпейді. Үлкенді-кішілі жиындарда тәртіпсіздіктің алдын алып, қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету үшін айбынды жауынгерлер жұмылдырылады. Кейде тіпті жұмыстың күшейтілген түріне ауысады.

— Арнайы жасақ қызметкерлерінің басты міндеті – қазақстандықтардың тыныштығына жауап беру. Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығын қорғау, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, бұйрыққа сай лаңкестік іс-әрекеттердің жолын кесу, ұйымдасқан қылмыскерлерге тоқтау қою. Иә, осының бәрі ЖҚАЖ жауынгерлерінің міндетіне кіреді. Ең қиын тапсырмалар да бізге жүктелген. Міндет көп болғанымен мақсат – бір. Бүтін бір мемлекеттің тұтқасын берік ұстауға атсалысу. Еліміздің амандығы жолында кірпік қақпай қызмет ету үлкен жауапкершлік жүктейді. Себебі бұл жасақ — миллиондаған қазақстандықтың қорғаны. Елге лайық қорған болу үшін, біліктілікті арттыру мақсатында күнде дайындықтан өтеді. Мұндай оқу-жаттығудың бәрі заң жүзінде бекітілген кестеге сай жүргізіледі, — деді ол.

Айта  кетейік, өткен жылы арнайы жасақ облыстық жол полициясы қызметтерімен бірлесіп 258 эпизод бойынша жұмыс істеді, оның ішінде 184-і қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары болса, қалғаны сот процестері және басқа да мәдени-спорттық жиындар бар. Бұдан басқа, былтыр арнайы жасақ қызметкерлері 29 жедел-іздестіру іс-шарасына қатысты. Ал 2025 жылдың басынан бері 11 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, екі арнайы операцияға жұмылдырылды.

– Қаңтар оқиғасынан кейін қызмет-керлер саны өсті. Қазіргі уақытта арнайы жасақта 197 қызметкер жұмыс істейді, бірақ мамандардың жетіспеушілігі бар. Арнайы жасақта қызмет ету үшін біліктілік талаптарына сәйкес азаматтардың жасы 35-тен аспауы керек. Сондай-ақ, бойы 170 сантиметрден төмен болмауы тиіс. Бұдан басқа, ҚР заңнамасына сәйкес, жауынгерлер жұмысқа қабылданар алдында ішкі істер органдарында бірнеше жыл қызмет ету керек. Осыдан соң ғана Жедел қимылдайтын арнайы жасақта қызмет етуге мүмкіндік бар. Одан бөлек спорт шебері немесе осы атаққа кандидат болу қажет. Яғни, арнайы жасақта қызмет етемін деген азаматтың бойында физикалық дайындық, спортқа деген бейімділік болуы шарт. Қызметкер жасақтың бір мүшесі атанбас бұрын толық медициналық тексерістен өтеді. Кейін заң аясындағы және логикалық сұрақтардан тұратын тест тапсырады. Біздің жұмыс қиын болғандықтан жедел қимылдайтын арнайы жасақта қызмет етемін деген азаматтың психологиялық тұрғыда бірқалыпты екені міндетті түрде тексеріледі. Содан соң жұмысқа жаңа қабылданған қызметкерге тәлімгер тағайындалады. Ол жұмыстың барлық қыр-сырын үйретеді, — деді взвод командирі.

Арнайы жасақ жауынгерлерінің көпшілігі ер азаматтар болғанымен, олардың қата-рында төрт әйел адам да бар. Батыр қыздардың бірі — Ризагүл Андасова таяуда ғана халықаралық байқаулардың жүлдегері атанды. Полиция аға лейтенанты БАӘ-де өткен алтыншы халықаралық «UAE SWAT Challenge» жарысында әйелдер құра-масының қатарында кәсіби шеберлігін танытып, көк байрағымызды желбіретіп қайтты.

Айта кетейік, арнайы жасақ офицер-лерінің жеке жас шектеулері бар. Олардың бір жылдық еңбек өтілі бір жарым жылға теңестіріледі. Осылайша арнайы жасақта үздіксіз 17 жыл жұмыс істеген адам зейнетке шыға алады. Бүгінгі таңда 42-43 жас аралығындағы азаматтардың көбі зейнеткерлер қатарын толықтырып үлгерді.

Өңірде мопедтерді тіркеу науқаны басталғаннан бері 77 мопед иесі тіркеу нөмірлері мен техникалық төлқұжат алды. Оның ішінде Екібастұз қаласында 8 адам  өз мопедтерін тіркеді.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.